Басты Жаңалықтар Бөліп төлеу тәртібін реттеу жолдары қарастырылып жатыр

Бөліп төлеу тәртібін реттеу жолдары қарастырылып жатыр

Қазақстанда бөліп төлеу қызметіне қатысты жаңа талаптар енгізілуі мүмкін. Ұлттық банк бұл нарықты реттеудің бірнеше жолын қарастырып жатыр. Енді сатып алушылар шарттағы барлық талапты, соның ішінде айыппұл мөлшерін алдын ала білуі мүмкін. Сондай-ақ мұндай сатып алулар азаматтардың жалпы қарыз көлемін есептеуге енгізілуі ықтимал. Жаңа өзгерістер кімдерге қатысты болмақ?

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Бөліп төлеу әлем тәжірибесінде бар. BNPL Buy now – pay later, яғни қазір ал, кейін төле деп аталады. Алайда қазір Қазақстан нарығында банктерден бөлек ұйымдар өз шарттарымен тауарлары және қызметтерін сата бастаған. Ол жердегі жасырын пайыздар, төлем кешіктірілген жағдайдағы айыппұл мөлшері реттелмейді. Тіпті бұл қарыз несие тарихыңызға да енбейді. Енді Ұлттық банк осы салаға бақылауды күшейтпек. Жарнамаларындағы ақпараттың да шынайы болуы бір ізге қойылмақ. Басты мақсат – сатып алушының құқығын қорғау және бөліп төлеу шарттарын ашық ету. Бұл талаптардың екінші деңгейлі банк арқылы рәсімделетін бөліп төлеуге қатысы жоқ. Әңгіме екіжақты келісімшартпен жұмыс істейтін құрылыс компаниялары, көлік сататын шағын автосалондар туралы. Олар төлем кестесін кешіктіргені үшін айыппұл мөлшерінде өздері бекітеді.  Ұлттық банк бұл қызмет түріне тыйым салуды немесе оның көлемін шектеуді жоспарлап отырған жоқ. Мамандар азаматтарға бұл қызметі пайдаланбас бұрын келісімшартты мұқият оқып, ай сайын төленетін соманы есептеуге, төлем кешіктірілген жағдайда салынатын айыппұлды білуге, өзіңіздің кредиттік жүктемеңізді ескеруге және келісімшарт пен төлем кестесінің көшірмесін сақтап қоюға кеңес береді. Бұл өзгеріс әлі талқыланып жатыр. Бөліп төлеу нарығын реттеуге қатысты ұсыныстарды Ұлттық банктің bnpl@nationalbank.kz электрондық поштасына жолдауға болады.

Бөлісу