Басты Жаңалықтар Түркияда «СОР31» экологиялық саммиті өтті

Түркияда «СОР31» экологиялық саммиті өтті

Түркияның Анталия қаласында «СОР31» атты экологиялық саммит өтті. БҰҰ бастамасымен өтетін бұл халықаралық конференцияда жаһандық климаттың өзгеруі мен экологиялық мәселелерді шешу жолдары қарастырылады. Әлемнің 100-ден аса елі қатысқан жиында қазақстандық павильон құрылып, еліміздегі экологиялық мәселелерді шешу жолында атқарылып жатқан жобалар таныстырылды. Саммиттен Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлы баяндайды.

Айдос Әшімұлы, тілші:

Осымен 31  мәрте ұйымдастырлып отырған БҰҰ климаттың өзгеруі туралы саммиті, яғни СОР 31-ге 102 мемлекет және үкімет басшысы қатысып жатыр. Олардың қатарында Қазақстанның Премьер министрі де бар. Лидерлердің күн тәртібінде 7 мәселе. Олардың қатарында жасыл экономикаға бөлінетін қаржы көлемін кемінде үш есеге көтеру, жанар-жағармайдан мейлінше бас тарту және ғаламдық жылынуды бәсеңдетудің нақты қадамдары сияқты сүбелі мәселелер бар.

СОР31 саммитінде әдеттегідей 2015 жылы қол қойылған Париж келісімін жүзеге асыру мәселесі өзекті болды. Ғаламдық жылыну процесін баяулату үшін күш біріктіруді көздейтін бұл келісім көмір, мұнай сияқты дәстүрлі отын түрлерін қолдануды азайтуға үндейді. Алайда бірқатар елдер энергия көздерін қай мөлшерде қолдануды әркім өзі шешеді деген пікірді ұстанып отыр.

Мұрат Курум, «СОР31» президенті:

Экологиялық мәселелерді шешу үшін қаржыландыру өте маңызды. Алайда одан да маңызды бір мәселе - бір-бірімізге сену. Берілген уәдеде тұру, бөлемін деген қаражатты уақытылы беру, алынған шешімдердің жүзеге асуына сену. Себебі климаттың өзгеруіне қарсы күресте уақытылы жүзеге асырылмаған бір жоба болашақта бізге орны толмас апат болып келуі мүмкін.

Саммитке қатысқан БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш жылдар бойы айтылып келе жатқан көмірқышқыл газын азайту ұсынысын нақты іске асыратын уақыт келгенін айтты.

Антонио Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

Климаттың өзгеруімен күрестегі біздің ең басты міндетіміз - шындықты айту. Яғни климаттық дағдарысты біз еңсере алмай жатырмыз. 2025 жылы ауаға бөлінген көмірқышқыл газы рекордтық мөлшерге жетті. Соңғы 4 жыл тарихтағы ең ыстық жылдар болды. Алайда пайдалы қазбалар өндіретін компаниялар мен олардың мүддесін қорғаушылар өздері пайда тауып, планетамызды жойып жатыр. Климаттық өзгеріс өмірімізге, әлемдік экономикаға орны толмас зиянын тигізуде. Бұл барлығымызды құрдымға әкететін жол.

Осы саммитте көтерілген мәселелердің бірі - Арал теңізін толтыру жайы. Соңғы жылдары Қазақстан бұл бағытта бірқатар тиімді жобаларды жүзеге асырып, Кіші Арал қайта қалпына келді. Шетелдік мамандар бұл жетістікке жоғары баға беріп отыр.

Лиза Кайснер, Халықаралық қаржы корпорациясының Түркия, Қазақстан және Өзбекстан бойынша директоры:

Бүгінде теңізге судың қайта оралғанын, балықтың көбейіп, адамдардың қайтадан балық аулап жүргенін көру – үлкен үміт сыйлайды. Бұл дұрыс басшылық пен жүйелі жұмыстың арқасында экологиялық апаттың зардаптарын азайтуға болатынын көрсетеді. Дүниежүзілік банк тобы үшін де жергілікті халықты жұмыспен қамту және олардың тұрмысын жақсартуға қолдау көрсету маңызды.

Саммит соңында тараптар арнайы декларацияға қол қойып, сөзден нақты іске көшуге уағдаласты. СОР31 конференциясының жұмысы 20 қарашаға дейін жалғасады. Ал келер жылы СОР 32 Эфиопия астанасы Аддис Абебада өтетін болды.

Бөлісу