Басты Жаңалықтар Ғылымға бизнес тарапынан қызығушылық төмен

Ғылымға бизнес тарапынан қызығушылық төмен

Желге ұшқан қыруар ақша. Ғылымды дамытуға бөлінген 47 млрд теңге тиімсіз жұмсалған. Бүгін Жоғары аудиторлық палата саладағы біраз былықтың бетін ашты. Толығырақ Құрылтай отырысына қатысып келген тілшіміз Нұрсұлтан Тілектестен білсек.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Ұлттық ғылыми кеңестерде мүдделер қақтығысы бар. Жобаларға бизнестің қызығушылығы төмен. Жалпы, салаға тұсау көп. Соңғы жеті жылда ғылымды дамытуға бөлінетін ақша үш жарым есе артса да, нәтиже көңіл көншітпейді. Неге? Себептерін бейнематериалымда айтамын.

Ғылымның экономикадағы үлесі жалпы ішкі өнімге шаққанда 1 пайызға да жетпейді. Соңғы 7 жылда салаға құйылған қаржы 260 млрд теңгеден асып кетті. Нәтиже қайда? Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловтың айтуынша, ғылымды бүгін тек мемлекет қолдап отыр, ал бизнес тарапынан қызығушылық өте төмен.

Әлихан Смайылов, ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы:

Қаржыландыру негізінен бюджетпен қамтамасыз етіледі. Оның үлесі 55 пайыздан 82  пайызға дейін ұлғайды. Бұл ғылымның мемлекетке тәуелді екенін және бизнес тарапынан сұраныстың жеткіліксіздігін көрсетеді. Ғылым аясында тұрақты даму саясаты қамтамасыз етілмеген. 2021-2025 жылдары 4 бағдарламалық құжат қолданыста болды. Оның үшеуі мерзімінен бұрын тоқтатылды.

47 млрд теңге тиімсіз жұмсалған

Ғалымдар ұсыныс айтады, бірақ сол ұсыныстардың орындалуын қамтамасыз ететін нақты тетік жоқ. Салдарынан 47 млрд теңге бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалған. Ал мемлекет ғылымға бөлінген ақшаның қайда жұмсалып жатқанын және қандай нәтиже беріп жатқанын толық бақылай алмай отыр.

Жарқынбек Амантайұлы, ҚР Құрылтайының депутаты:

Өрікті инновациялық тәсілмен мұздату немесе кептіру сияқты жобаларға қаржы бөлінген. Мұндай жобаларға жол бермеуіміз керек. Өйткені біз өріктің отаны емеспіз ғой.

Төрт лауазымды тұлға қызметінен кетті

Жалпы, жүргізілген аудит біраз былықтың бетін ашқаны рас. Келген залал 51 млрд теңге. Тиісінше, Ғылым комитетінің төрағасы, Ұлттық сараптама және ғылыми-техникалық ақпарат орталығының басшысы мен Ғылым қорының жетекшісі сынды бірқатар лауазымды тұлғалар қызметінен кеткен.

Нұрлан Нұржанов, ҚР Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі:

Аудиттің қорытындысы бойынша екі тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 4  тұлға қызметінен босатылды. 32 тұлғаға әкімшілік жауапкершілік қаралды.

Отырысқа қатысқандар мемлекет ғылыми процесті емес, экономикалық нәтижеге қол жеткізуді басты назарға алуы тиіс деген ұсыныс айтты. Енді салада жүйелі өзгерістер болады.

Айбек Дәдебай, ҚР Құрылтайының төрағасы:

Ендігі кезекте Үкіметтегі әріптестеріміз Жоғары аудиторлық палата мен депутаттар тарапынан айтылған ұсыныстардың сапалы орындалуын қамтамасыз етуі қажет. Депутаттар өз тарапынан Үкімет пен ғылыми қоғамдастықпен бірлесіп, саладағы заңнаманы, ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру тетіктерін жетілдіру мәселелерін тереңдете пысықтауға дайындығын білдіреді.

Отандық тасымалдаушылар 58 елдің нарығына шыға алады

Отырыста тағы бірнеше маңызды мәселе талқыланды. Соның бірі – «Жүктерді халықаралық жолдармен тасымалдау шарты туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасы. Бірінші оқылымда мақұлданған құжат қазақстандық жүк тасымалдаушыларды әлемнің 58 елінде нарығына шығуға мүмкіндік береді.

Бүгінгі отырыстың күн тәртібіне еліміздің энергетикалық әлеуетін арттыру мәселесі де шығарылғаны айтылған еді.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Иә, Қазақстанда баламалы энергия көздерін дамыту жайы да талқыланды. Алдағы уақытта елімізде артық электр қуатын сақтайтын батареялар, биогаз, сутегі энергиясы және өндіріс қалдықтарынан электр өндіру жүйелері дамытылмақ. Бастысы - бүгінгі отырыста қабылданған шешімдер қағаз жүзінде қалмай, нақты нәтижеге айналса деген үміт бар.

Бөлісу