Басты Жаңалықтар Алматыда картоптың бағасы түспей тұр

Алматыда картоптың бағасы түспей тұр

Қазір орташа баға 150-160 теңгенің арасы. Халық мұндай қымбатшылық бұрын-соңды болмағанын айтады. Ал, әкімдік «бағаны енді түсіру қиын, тек осы қалыпта ұстап тұруға барымызды салып жатырмыз», - дейді. Осы мақсатта жәрмеңке ұйымдастырылып, тұтынушыларға 40 тоннадан астам картоп сатылды.

Бұл Алматыда биыл өткен 5-ші жәрмеңке. Мұнда ауыл шаруашылық өнімдерінің 40-тан астам түрі қойылған. Бірақ, жәрмеңкеге келген халықтың көбінің іздегені картоп. Тіпті, ұзын-сонар кезек те болып жатты. Өйткені, ол мұнда базардан 15-20 пайызға арзандау.

Мейірбек Орынбаев, қала тұрғыны:

- Жәрмеңке жақсы. Картоп 100-ден. 110-нан бар жақсы картоптар. «Алтын Ордаға» барсақ, 140 пен 120, 130-дың бағасын айтады.

Күмісхан Нұргелдиева, қала тұрғыны:

- Картоп бар, бірақ, аз. Енді өзіміздің Алматыда баға 130-140 деп тұр. Бұл жерде 110 болғанмен сапасы төмендеу.

Аманбай Малғажаров, қала тұрғыны:

- Картоптың сапасы орташа. Сәбіздікі де орташа. Базармен бірдей бағасы. Саудаласқанда кішкене тұрып алады, бағасын түсірмейді. Базарда түсіреді әйтеуір.

Қалалық әкімшілік картоп бағасының неге мұнша шарықтап кеткенін өнімнің аздығымен байланыстырды. Мәселен, қаланы картоппен қамтамасыз етіп отырған Алматы облысы биыл бар-жоғы 721 мың тонна өнім жиған.

Қанат Кәкенұлы, қалалық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Бұл бағаның өсуі көктемде бізде кішкене жаңбыр болып, көп өңірлерде картопты еге алмай қалды. Сол себептен, баға көтеріліп жатыр. Сонымен қатар, осы өңірлерде еккен картоптың біразы көрші мемлекеттерге кетіп жатыр.

Мамандар қазір бағаны ұстап тұру үшін картопты тікелей жеткізетін тасымалдаушыларға тапсырма берілгенін айтты. Ал, Алматыда биыл басқа азық-түліктердің де қымбаттап кеткені байқалады. Мәселен, базар мен жәрмеңке бағасын салыстырып көрсек.

Қызанақ базарда 225 теңге, ал, жәрмеңкеде 120. Сәбіз базарда 125, жәрмеңкеде 100 теңге. Сиыр еті базарда 1600, ал, жәрмеңкеде 1300 теңге. Жылқы еті базарда 1900 теңге, жәрмеңкеде  1500. Күріш базарда 240, жәрмеңкеде 170 теңге.

Гүлнәр Усенова, қала тұрғыны:

- Алматының бағасы қазір қымбат. Бұл жерде шамамен 15-20 процент төмен болып тұр. Әкімдік осылай жасап тұрсын бізге. Зейнеткерлерге осындай жәрмеңке жасап тұрсын жиі-жиі.

Осылайша, жәрмеңкеге жиылған жұрт барлығы 209 тоннадан астам тауарды 2-3 сағаттың ішінде талап алып кетті. Сол себепті, әкімдік жыл соңына дейін тағы да екі рет жәрмеңке өткізбек. «Өйткені, азық-түлік бағасын арзандатудың әзірге басқа жолы болмай тұр», - дейді мамандар.

 

Амангелді СЕЙІТХАН

Бөлісу