Сыр елінде «Жақаев  ізбасарлары» бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыр елінде «Жақаев  ізбасарлары» бар

13.10.2017

Қызылорда облысында жастардың еңбек лагері құрылды. Бұл пилоттық жоба «Туған жер» бағдарламасы негізінде жүзеге асырылуда. 100-ден аса белсенді жас  шалғай елді мекендерге барып, ауыл шаруашылығы жұмыстарына атсалысты. Күзгі жиын-терімге қатысты, сондай-ақ, жылқыны ерттеу, сиыр сауу, нан жабуды үйреніп, самаурын қайнатты.

Бұл жастар  ауылға  тек еңбек етуге келген жоқ. Жаңашылдық алып келді.  Рухат Сейітқасым – қалада туып-өскен жігіт. Ешқашан қолына күрек-кетпен ұстамаған, орақ орып, шөп шаппаған «асфальт баласы» үшін ауылдың тіршілігі  жат. Бірақ, ол қолымнан келмейді деп тосылған жоқ. Керісінше, еңбеккерлердің жұмысын жеңілдетер тың жоба ұсынды.     

Рухат Сейітқасым,  студент:

- Менің «Су диірмені» дейтін ойым болды. Бізде мысалы, судан жаңағы аламыз. Жарықты пайдаланбай, үнемдеу мақсатында күріш өндіреміз, күнжара өндіреміз ғой, сол кебекті өндіруді жоспарлап отырмыз. 

Ал, Серәлі үшін бұл - тәжірибе жинақтау. Күріштің қалай жиналатынын көзімен көрді, қырманда болып, қызу тірлікке атсалысты.

Серәлі Нарбота, студент:

- Трактордың қозғалғаны, алып жатқан престеріміз. Ол престің шашылып, үстімізге төгіліп жатыр. Соның бәрі қызық, қызықты естеліктер. Кезіндегі аталарымыздың,  әжелеріміздің көргендерін бүгін біздер көріп жатырмыз. Керемет әсер алып жатырмыз.

Қазір ауылға заманауи техниканың тілін меңгерген, тың ойы бар білімді жас мамандар керек. Сондықтан, студенттер ұсынған  жаңашыл идеяларын шаруашылық төрағасы өндіріске енгізуге ниетті.  Ал, ең үздік бизнес-жоба «Бизнес-Стар» орталығында іріктеледі.

Жандос Оразмахан,  Қорқыт ата атындағы ҚМУ «Бизнес- Стар» орталығының жетекшісі:

 - Бизнес жобада жеңген адамдарды біз Қорқыт ата Мемлекеттік университетінде «Бизнес-Стар» орталығында жүзеге асырамыз. Оған бізде барлық жағдай қарастырылған.  

Осылайша, бір кездері ұмыт қалған жақсы дәстүр жаңғырды. Еңбек пен тәжірибе тоғысты, «Жақаевтың ізбасарлары» ұлттық құндылықтарды дәріптеп, озық ойларымен бөлісті. 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу