Басты Жаңалықтар Азық-түлік бағасы 3,1 пайызға артқан

Азық-түлік бағасы 3,1 пайызға артқан

Жыл басынан бері еліміздегі азық-түлік бағасы 3,1 пайызға қымбаттаған. Әсіресе, халық көп тұтынатын нан, ет, сүт, жарма өнімдері мен көкөністердің құны шарықтап тұр. Бұл әлбетте, айлығы шайлығына жетпей жүрген халықтың қалтасына салмақ. Бағаны негізсіз көтеруге не себеп?

Бақыт әжей ақшасын санап, дорбасын сайлап әдеттегідей базарға аттанды. Қарт ана маңайдағы дүкендерге баруды әлдеқашан қойған. Өйткені, қымбат. Сондықтан да алыс та болса, қала шетіндегі көтерме сауда базарларынан алады.

Бақыт Құдайбергенова, қала тұрғыны:

- Зейнетақы айналдырған 37000 теңге. Бәріне жетуші еді. Қазір ештеңеге де жетпейді. Отбасымызда 12 адамбыз. Қымбатшылық қиын болды.

Өткен жылмен салыстырар болсақ, азық-түлік бағасында айтарлықтай өсім бар. Мәселен, нан және жарма өнімі - 2,5 %, ет - 1,4 %, сүт өнімдері - 9,9 % жеміс - 4,9%, көкөніс - 6,3%-ға өскен.

Шарықтауға себеп, жанармай бағасының әсері, - дейді сарапшылар, тойымсыз алыпсатарлардың заңсыз әрекеті  мен жалға алған сауда орындарының қымбатшылығын қосыңыз. Базар шарлағанымыз сол-ақ еді. Саудагерлердің бірі қымбат тауарын жасырып әлек. Енді бірі көтерме бағаның өскенін айтады.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Астықты елміз. Алтын дән аяғымыздың астында төгіліп жатыр. Зеңгі баба тұқымдарын өсіріп, аузымыз ақтан арылған емес. Күнделікті қажеттінің бәрі бізде бар. Ендеше, шеттен келген өнімдерді айтпағанда, отандық тауарлардың  қымбаттауына не себеп? Біз бұл сауалды экономист мамандарға қойып көрдік.

Ал, әкімдіктегілер болса бағаның өскенін мойындайды. Тіпті, күн сайын тексеру де өткізеді. Тек кәсіпкерлерге  ләм деуге құқы жоқ екенін айтып ақталуда. Сондықтан да, халыққа  ай сайын өтетін жәрмеңкеге барыңдар  деген кеңес айтады.

Ризагүл Мүсілімова, Ауыл шаруашылығы басқармасы Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы:

- Әкімдікпен жәрмеңкелер өткіземіз. Мониторинг жүргіземіз. Бүгін ғана  барлық сауда орындарының басшыларымен жиын өткіздік. Олар қолдарынан келгенше бағаны тұрақты ұстайды.

Бағаның қашан, қай межеде тұрақтайтынын ешкім болжам айта алмайды. Тек қазіргі деңгейден төмен түспейтіні айтпаса да түсінікті. Біз азық-түлік құнын сараптап жүргенде Бақыт апа да базарды түгел шарлап, ала дорбасын азыққа толтырыпты.  Тек тізімдегі тауардың  бәрін емес. 

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Бөлісу