Үлестік нарықтың қатысушылары үшін кепілдік жарна мөлшерлемесі жоба құнынан 2 пайыз деңгейінде белгіленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үлестік нарықтың қатысушылары үшін кепілдік жарна мөлшерлемесі жоба құнынан 2 пайыз деңгейінде белгіленді

11.10.2017

Бұл туралы «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ басқарма төрағасы Дәурен Оңаев хабарлады. Оның айтуынша, құрылыс жүргізушіге кепілдік жарнасын есептеу әдісіне сай, кем дегенде 100 ұпайдан 60-сын жинауы қажет. Осылайша, үлестік құрылыс бойынша нормативтік-құқықтық базаны өзгерту арқылы қор кепілдігін алатын нысандардың саны ұлғая түспек. Айта кетейік, жыл басынан 40-қа жуық құрылыс компаниясы 50-ден астам тұрғын үй жобасын ұсынған. Бірақ, олардың басым бөлігі кепілдік жарна мөлшерлемесінің жоғары болуына байланысты қажетті құжаттарды жинай алмаған. Ал, жыл соңына дейін 10-ға жуық нысан Қор кепілдігін алады деп жоспарланып отыр.

Дәурен Оңаев, «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ басқармасының төрағасы:

- Жыл ішінде кепілдік беру қоры 2 қаладағы салынып жатқан үйлер бойынша кепілдік берді. Бұл Астана қаласындағы «Миллениум парк» тұрғын үй кешенінің 1 секциясы және Алматы қаласындағы «Легенда» тұрғын үй кешенінің 1-ші кезеңі. Осылайша, қор кепілдігі осы тұрғын үйлерден үлес сатып алуға ниет білдірген азаматтарға қандай жағдай болмаса да, пәтерлерінің кілтін алуды қамтамасыз етеді.

 

Елдос САПАРҒАЛИ

Хабарламаларға жазылу