Жанар-жағармай нарығындағы ахуал қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жанар-жағармай нарығындағы ахуал қандай?

10.10.2017

Болжам жаман емес, дегенмен еліміздегі жанармайға қатысты қазіргі ахуал көңіл көншітпейді. Бір аптадан аса уақыт бензин тапшылығын сезініп отырған Астана мен Алматыдан басқа Батыс Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда сияқты облыстарда 8-10 күндік қана бензин қоры қалған. Тілшіміз Дулат Абибуллаев жанар-жағармай нарығындағы қазіргі жағдайды зерттеп көрді.  

Жанар-жағармай тапшылығы импортты арттыру арқылы шешілуде. Ішкі өндірістен бөлек, осы  айда 100 мың, келесі айда 110 мың тонна бензин  импорттаймыз. Әзірге нарықтағы ахуал мынадай: Қостанай, Солтүстік қазақстан, Қарағанды облыстары мен Астана қаласында 15-тен 33 күнге дейін жететін жанар-жағармай қоры бар. Ал, Алматы, Ақтөбе, Павлодар, Жамбыл, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында 8-13 күнге жететін бензин жеткізілген. Бірақ, кейбір өңірде тапшылық әлі сезіледі.

Алматы көлік саны жағынан алда екені белгілі. Оның үстіне қаладан жақын маңдағы облыс тұрғындары да келіп жанар-жағармай алады. Ұзын сонар кезектер азайғанымен «ҚазМұнайГаз» бекеттерінде бір қолға 20 литрлік шектеу әлі де бар.

Тұрар Тілеужанов, Алматы облысының тұрғыны:

- Алматы облысында бензин жоқ болып тұр. Сол себеппен қалаға келіп тұрмын. Қалада бензин бар болса да, талонмен беріп жатыр. Тапқан жерде, қай жерде бензин бар тек 20 литр береді.

Ал, Ресеймен шекаралас өңірлерде бензин тапшы болмаса да, баға қымбат. Мұндай болатынын кеше құзырлы министрлік те ескертті. Мысалы, Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданында «АИ-92» бензині литріне 180 теңгеден саудалануда. Бағаның қымбаттауына қашықтық та себеп болған. Жергілікті билік болса халықты газға көшуге үгіттеп отыр.

Бағдат Азбаев, батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

- Біздің өңірде, түсінемін, баға жоғары. «ҚазМұнайГазда» талонмен беріліп жатыр. Шектеу бар. Бірақ, оны алып тастаймыз. Ең бастысы, бізде бензин бар. Бензиннің 70 пайызын Ресейден аламыз. Бекеттерде кезек жоқ. ...Бізде газ бар ғой. Ендігі міндет – бәріміз көліктерімізді қайта жабдықтап, газға көшуіміз керек. Бұл тығырықтан шығудың бір жолы. Экологияға да жақсы.

Атырау мен Павлодар, Оңтүстік Қазақстан секілді мұнай өңдеу зауыты бар өңірлердің өзінде жанар-жағармай тапшылығы сезіліп, қосымша қор жеткізілді. Ал, бензин қоры ең аз өңір - Жамбыл облысы. Министрлік мұнда 8 күндік жанар-жағармай қоры бар деген. Ал, жергілікті билік одан да аз деп отыр.

Нұрбай тілегенов, Жамбыл облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:

- Бізде қазір 2100 тонна «АИ-92» маркалы бензині және 2000 тонна дизель отыны бар. Ол алдағы 5-6 күнге жетеді. Қазір Энергетика министрлігіне хат жолдадық. Бұл мәселе бойынша нақты ештеңе айта алмаймын.

Бүгінгі қатаң сын-ескертулерден кейін Энергетика министрлігі бензин мәселесін алдағы екі-үш күнде толық шешетінін мәлімдеді. «АИ-92» бензині еліміздің басым бөлігінде қазір литріне 150-156 теңге аралығында сатылуда.

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу