Алматы облысының Қарасай ауданындағы «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінде коммуналдық қызметтер бағасына қатысты дау шықты. Тұрғындар бұл қызмет бағасы жылына екі рет өседі деп ашынып отыр. Іргелі елді мекенінде ай сайын өтетін халықпен кездесуде жауапты мекеме басшылығы уәдені үйіп-төккенімен, әзірге еш нәтиже жоқ. Халық жергілікті әкімдікке қымбатшылық туралы шағым айтып, әбден шаршаған. Сондықтан, кезекті басқосуға Ұлттық арнаның тілшілерін арнайы шақырып, күрмеулі түйінді Үкіметке жеткізуді сұрады. Тілші Нұрлан Асқарұлы мәселенің мән-жайына қанықты.
«Асыл Арман» тұрғын үй кешенінде 2018 жылдан бастап коммуналдық тарифтер тағы көтеріледі. Мұндағы 20 мың тұрғын қазір суық судың кубына 118,7 теңге төлеп отыр. Мұндай қымбатшылық еліміздің ешбір аймағында жоқ.
Қымбатшылық жырын тұрғындар жылдар бойы жырлап-ақ келеді. Бірақ, оған көңіл бөлген билік жоқ. Бұл аз болғандай монополистер суық судың тарифін 2018 жылы 143,7 теңгеге, 2019 жылы 152,7 теңгеге, 2020 жылы 162,2 теңгеге, ал, 2021 жылы 195,2 теңгеге көтермекші. Ал, кәріз құбыры мен қалдық судың да бағасы осылай жыл сайын еселене береді. Алайда, бұған жұрт наразы.
Алма Құрбанайқызы 20 жылдан аса еңбек етіп, баспанаға зарығып жетті. Бірақ, ширек ғасыр кезекте тұрып, әрең қолы жеткен пәтерінің қуанышы ұзаққа созылмады. Енді, ол тариф тағы қымбаттаса, шайлығыма жетпейтін айлығымды қалай жеткіземін, деп налиды.
Алма Кенжебекова, Қарасай ауданының тұрғыны:
- Үйді алғанымызға 2,5 жыл болды осы 2,5 жылдың ішінде ай сайын тариф өседі. Бұл енді қалай? Сол себептен міне бүгін жиналыс болып жатыр. Қайтадан тариф көтеріледі дейді. Біз қазір осы тек қана тарифқа жұмыс істейміз.
Көпшілік осы тұрғын үй кешеніндегі тариф басқа өңірлермен салыстырғанда тым қымбат екеніндігіне наразы. Соңғы екі жылдың ішінде тариф көлемі бірнеше рет көтерілгенімен, қызмет көрсету сапасы жақсарған емес.
Сауалнама:
- Басқа аймақтарда жоқ қымбатшылық бізді қинап тұр. Өте қымбат. Сол туралы айтқым келеді.
- Бәріміз осы тарифтің көтеріліп жатқан бағасына ренішімізді білдіріп наразы екенімізді көрсетіп отырмыз. Енді жылдың ішінде екі рет тарифтің көбеюі ол ыңғайлы емес, өте қиын.
- Суық суымыз да, конализация да қымбат, ыстық су да қымбат. Сұмдық қой, сұмдық!
Жеке компаниялардың қарапайым халықтың жанайқайын елеп, ескеретін түрі жоқ. Өйткені, «олардың да жеке мүддесі, ішкі есебі бар», дейді жұрт. Ал, компания басшылары қымбатшылықтың негізгі себебін теңге бағамының құбылуымен байланыстырып отыр.
Ерсайын Ешекенов, «Алатау Комсервис» компаниясының директоры:
- Енді облыстық мекемелер қарап, тиісті инфляция коэффицентіне ғана көбейетін нәрсе ғой. Мысалы, мұғалімдердің айлығын өсіріп жатыр ма, дәрігердің айлығын неден өсіріп жатыр. Сол инфляцияға байланысты өсіріліп жатқан жұмыстар ғой. Бізде де сондай есептермен жасалып жатқан жұмыстар бұл.
Осы компаниялардың жұмысын қадағалайтын Монополияға қарсы күрес басқармасының өкілдері тұрғындардың шағымы бойынша тексеру жұмыстарын енді бастағандығын айтты.
Айжан Сәрсембайқызы, Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті облыстық департаментінің бөлім басшысы:
- Тұрғындардың білдірген наразылықтарын ескере отырып, департамент «Алатау Комсервистің» қолданыстағы тарифтерін жоғарылатпауды жобалап отыр.
Іргелінің іргесінде тұрған Алматы қаласындағы коммуналдық тарифтері бірнеше есе арзан екендігін «Асыл Арманның» тұрғындары біледі. Жергілікті әкімдікке шағымданғанымен, олар мардымды жауап бермепті. Сондықтан, «мегаполиске жақын орналасқан тұрғын үй кешенін Алматының балансына берсе, қымбатшылықтан құтылар едік», дейді халық.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ