Бензинге жауаптылар жұмыстан босатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бензинге жауаптылар жұмыстан босатылды

10.10.2017

Елімізде бензин мәселесі әлі өзекті. Үкіметте осы проблема бүгін күн тәртібінен бұрын қаралды. Жауапты ведомство басшыларының есебі тыңдалды. Бірақ, есеп-сөз сол баяғы әуен күйінде. Валюта бағамы, импорт көлемі, жөндеуде тұрған зауыттар. Бірақ бұл жолы Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев ешкімнің басынан сипамады. Өйткені, алдағы алты айын жоспарлай алмаған басшылардың сынық сылтаулары шаршатқан болуы керек. Бірнеше лауазымды тұлғаны қызметінен босатты, кейбіріне қатаң сөгіс жариялады.

Бүгінгі үкіметтің селекторлық отырысы «Бензин қайда?» деген сұрақпен басталды. Өйткені, «Бензин жоқ» деп көше жағалап кеткен халықтың жағдайы Премьер-министрге дейін жетті. Осы мәселеге жауаптылар жағдайды барынша түсіндіруге тырысты.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

- Мен бірден айтайын, елімізде бензин тапшылығы жоқ. Тапшылық бар деу аса дұрыс емес.

Сауат Мыңбаев, «ҚазМұнайГаз ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

- Ресейден қандай бағаға бензин сатып алынуда? Ресейдегі бензин 37 рубль, теңгемен 220 теңге. Бізде 150 теңге. Енді кім тасиды ондай бензинді. Біз бензин тасуды тоқтаттық, міне тапшылық осыдан.

Жағдай осылай. Бірақ, бұған дейін осы проблемалар бола тұра, жағдайдың қалыпты екендігі айтылып келген еді.

Үкімет үйіндегі жиында министрлер «Бізде бәрі жақсы» деген есепті жиі айтып кетті. Мысалы, өткен аптада Энергетика министрі Қанат Бозымбаев бензин бағасы тұрақты, тапшылық жоқ деген еді. Бірақ, соңғы алты күнде бензин 6 теңгеге өсті. Жанармай бекеттерінің көбісінде бензин тіптен болған жоқ. Қашанғы түсіністікпен қарауға болады, шыдамның шегі бар. Осыны ескерген Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев қатаң шешімдер қабылдады.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

- Айтылатыны үнемі сылтау. Мен мұнымен келіспеймін. Сол себепті, мен мынадай шешімдер қабылдаймын. Біріншіден, Елбасының атына Энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа қатаң сөгіс жариялау туралы ұсыныс енгіземін. Екіншіден, вице-министр Әсет Мағауовты орнынан босату туралы шешім қабылдаймын. Кеңсе тиісті құжаттарды бүгін дайындасын. Ал, «ҚазМұнайГаз» бойынша компания басшысының орынбасары Данияр Берлібаев қызметін босатсын.

Бұдан бөлек, барлық министрлерге қатаң ескерту жасалды. Өз учаскелеріндегі жұмыстар бойынша тікелей өздері ғана жауапты болады. Премьер-министр тағы да сынық сылтаулардың қабылданбайтынын ескертті. Ал, бензин бағасы алдағы уақытта тағы көтеріледі. 

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

- Әрине, бағалар 155-157 теңгеге өсуі мүмкін. Бірақ, ол бір ай ғана тұруы мүмкін. Өйткені, осы айдың соңына дейін ПМЗ іске қосылатын болады.

Жалпы, алдағы екі айда Ресейден келетін импорт үлесі 20 пайызға дейін қысқарады. Жыл соңында үш зауыт барлық қуатымен жұмыс істеуге көшеді. Ал, келер жылдан бастап сырттан ешқандай бензин сатып алынбайды. Өз зауыттарымыз ішкі нарықты толық қамтуға шамасы жетеді. Әзірге болжам осындай.

 

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу