Туристер ғарыш кемелерінің ұшу сәтін тамашалауға мүмкіндік алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Туристер ғарыш кемелерінің ұшу сәтін тамашалауға мүмкіндік алды

12.02.2016
Туристер ғарыш кемелерінің  ұшу сәтін  тамашалауға мүмкіндік алды
Туристер ғарыш кемелерінің  ұшу сәтін  тамашалауға мүмкіндік алды

Қазақстандық туристік компаниялар Байқоңырды табыс көзіне айналдыра бастады. Дәлірек айтқанда, туристерге Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшатын зымырандардың көкке көтерілу сәтін тамашалау мүмкіндігін беріп отыр. Сөйтіп, бұдан былай туристер зымырандардың ұшу сәтін эфир арқылы емес, тікелей көру мүмкіндігіне ие болды.

Ғарыш айлағын туристер қызығатын мекенге айналдыруды көздеген операторлар өз тұтынушыларына бірқатар дүниелерді көрсете алатындықтарын айтып отыр. Комания туристердің «Союз» зымыранының ұшу алаңына әкелініп, орналастырылған сәтін, ұшуға дайындық процестерін тамашалауына мүмкіндік жасайды. Сонымен бірге, туристер ғарышкерлердің сапар алдындағы баспасөз мәслихатына қатысып, экипаждың Мемлекеттік комиссия төрағасына мәлімдеме жасаған сәтін көре алады. Ал, кешенде фото бейне түсірілім жасау үшін арнайы рұқсат алуға мәжбүрсіз. Бірақ, мұның бәрі ақылы түрде жүзеге асады.

Туристік компания ғарыш кешеніне туристерді әкелу үшін «Роскосмос» агенттігінен арнайы рұқсат алатыны да белгілі болды. Шетелдіктер үшін өтінішті қарау мерізімі 60 күнге дейін созылуы мүмкін. Дегенмен, туристік компаниялар мұндай шаруаларды өздері атқаруға бекінген. «Роскосмос» ғарыш кешендеріне туристерді тарту үшін 40 туроператорды таңдап алыпты. Олардың жетеуі қазақстандық, біреуі өзбекстандық, қалғаны ресейлік туристік операторлар екен. Бірақ, Ресей тарапы ғарыш саласына қызығатын туристердің тек Байқоңырды ғана емес «Восточный» ғарыш айлағын да тамашалауы үшін мүмкіyдіктер жасаған. Ал, Байқоңырдан келесі ғарыштық зымыран 19 наурыз күні ұшырылады. Алғашқы туристер де сол күні зымыранның көкке көтерілген сәтін көреді деген болжам бар.

Байқоңыр ғарыш айлағын тамашалау үшін операторлар екі жол ұсынған. Бірін пойызбен баратын жол болса, екіншісі ұшақпен баратын бағыт. Ғарыш кешенін аралау, зымырандардың ұшу сәтін тамашалау бағдарламасының ең арзаны 140 мың теңге шамасында.


Kaznews.kaztrk.kz

Хабарламаларға жазылу