Ақтөбенің іргесіндегі Жаңақоныс ауылында көпқабатты үйде газ баллон жарылды. 3 адамды күйік шалды. Оның бірі - 8 айлық бүлдіршін.
Жарылыс кезінде сыртқа шыға алмай 22 жастағы жігіт қаза тапты. Жас отбасы сатып алған пәтерлерін жөндемек болып, газ баллонын пайдаланған.
Баллоннан газ шығып, бөлмеге тарайды. Жөндеу кезінде отағасы иісті сезбеген.
Газға уланып, жартылай күйік шалған бүлдіршін балалар ауруханасына жеткізілді. Қазір жан сақтау бөлімінде жатыр.
Ал, үй иесі мен қасындағы бажасы жедел медициналық көмек беру ауруханасында. Дәрігерлердің бақылауында.
Мұхтар Мырзабаев, дәрігер травматолог:
Қазір науқас орташа ауыр жағдайда. Денесінің бетін, мойынын, екі қол,- басы мен аяқтарын күйік шалған.
Жаңбыр жауса ауыл шетіндегі көпқабатты үйдің төбесінен су кетеді. 5-ші қабатта тұратын үй иесі су ағатын саңылауды бітемек болып, смоланы еріту үшін газ баллонын пайдаланған.
Көмекке інісі мен бажасы келіп, төбедегі шаруадан соң баллонды бөлмеге кіргізеді. Пәтер ішін сылап жатқанда газ баллоны жарылып, әскерден жуырда келген Рақымжан жуынатын бөлмеден шыға алмай қалған. Өрт сөндірушілер келгенше ол жан тапсырды.
Гүлзипа Назбенова, Жаңақоныс ауылының тұрғыны:
Бүкіл үйге су кетеді. Мына екінші подъездегі көрші былтыр смола құямын деп беті күйіп қалды.
Насиха Наутбаева, Жаңақоныс ауылының тұрғыны:
Терможаңарту бойынша біздің төбені жауып беру қажет. Көріп отырсыздар арты не болып жатқанын. Бірінші подъезден 6-шыға дейін керек. Өте қажет. Оны істемесе алдағы уақытта не болатынын кім біледі? Бұдан да сорақысы болатын шығар. Ақыры мынау өлімге тіреліп тұр ғой.
Салынғанына 25 жыл болған 5 қабатты үй терможаңғырту бағдарламасына ілікпейді. Сондықтан тұрғындар өз бетінше әрекет етуде. Қауіпсіздік сақталмайды. Жарылыстың болғаны да содан.
Кешқұрым болған жағдайдан тұрғындар әлі ес жиыр емес. Газ бен жарық ажыратылып, көбі түні бойы далада жүрді.
Әлия ТАЛАСОВА