«Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталуына қатысты не белгілі?
«Адамдық борышың –
Халқыңа еңбек қыл.
Ақ жолдан айнымай,
Ар сақта, оны біл», – дейді Шәкәрім.
Лауазым – адамды ұлық етпейді. Адамды ұлық ететін – мінезі, ары мен әділеті ғой. Қоғамда үлкен резонанс тудырған Нұрлан Жақыпов пен Елжас Отыншиевтің кешегі бейсенбідегі кейсінен кейін біз сенген, ел тағдырын шешетін өзге де шенеуніктер, элита өкілдері қаншалықты арын күзетіп, адал жүр деген ойдың шырмауында қалғанымыз шындық. Бірақ Президент айтқан «Заң мен тәртіп» – биліктің биігіне де, қалтаның қалыңдығына да қарамайды екен.
Сонымен, желсіз таңның жарық күнінде Елордадағы элиталық тұрғын үйдің терезесінен лақтырылған чемодан мен жерге шашылған бума-бума жүз долларлық купюралардың бейнежазбасы шартарапты шарлап кетті. Құқық қорғау органдары ауланы едел-жедел қоршап тастады. «Желорда» тыныш еді сол күні. Артынша жаңалық «бомбадай» жарылды.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиевтің жемқорлық күдігімен ұсталғанын ресми мәлімдеді. Күдіктілер қазір уақытша ұстау изоляторында. Тергеліп жатыр. Ұлттық қауіпсіздік комитеті жемқорлыққа қарсы күрес президент Тоқаевтың тапсырмалары мен «Заң және Тәртіп» қағидаты аясында қатаң түрде жалғаса беретінін атап өтті.
Айтпақшы, екі топ-менеджерге нақты қандай айып тағып отыр? Долларға толы шабадандардың иесі кім? Оның қожайыны осындай қомақты сыйақыны не үшін алған? Әзірге ақпарат жоқ.
Әрі қарай жылжиық. Күдікке ілінген Нұрлан Жақыпов 48 жаста. «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорын 2023 жылдың сәуірінен бері басқарып келді. Ол бұған дейін «Қазатомөнеркәсіп» құрылымында, «Астана» ӘКК-да және халықаралық инвестициялық ұйымдарда басшылық лауазымдарда болған. Ал Елжас Отыншиев 39 жаста. «Қазақстан темір жолы» басқарма төрағасы қызметіне келгеніне көп болған жоқ, жазда, шілде айында тағайындалған еді. Енді қараңыз. Екі топ-менеджердің қызмет жолы «Самұрық-Қазынада» түйісіпті. 2023 жылғы сәуірде Жақыпов қорды басқарса, Отыншиев сол қордың құрамына кіреді. Ал тура бір жылдан соң Стратегия және активтерді басқару жөніндегі директордың креслосына қонжияды. Оған мұнай-газ, теміржол, тау-кен және басқа да салалардағы портфельдік компаниялармен жұмыс істеу міндеті жүктелді. 2024 жылы Отыншиев ҚТЖ-ның директорлар кеңесіне мүше болады да, көп ұзамай сырты бүтін, іші түтін Ұлттық компанияның тізгінін ұстайды. Тағайындау туралы шешімді Жақыпов басқарған «Самұрық-Қазына» қоры қабылдаған.
Енді «Самұрыққа» қайта оралайық.
Ұлттық әл-ауқат қоры – еліміздегі ірі ұлттық компаниялардың акцияларына иелік ететін мемлекеттік холдинг. ҚазМұнайГаз, QazaqGaz, ҚТЖ, Қазатомөнеркәсіп, Самұрық-Энерго, KEGOC, Қазпошта, Қазақтелеком, Тау-Кен Самұрық секілді стратегиялық маңызды кәсіпорындар осы қордың құрамында. Қор активтерінің жалпы құны 46 трлн теңге. Былтырғы түсімі 19 трлн 100 млрд теңгені иектеген. Басшылары миллиондаған теңге сыйақы алады. Бірақ активтерді басқару тиімділігіне қатысты қоғам тарапынан сын көп. Жыл басында Президент қордың басқару аппаратындағы берекетсіздікті сынға алып еді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Самұрық-Қазына» қорына да дәл осындай талап қойылады. «Самұрық-Қазына» қоры және бірқатар ұлттық компания басшыларымен қатаң әңгіме болды. Компаниялардың құрылымын түбегейлі қайта қарап, жаңа заманға бейімдеу керек. Менің ойымша, қосшыдан басшы көп. Басшылық құрамы ел айтып жүргендей, «Сол жағалаудың» адамдарына толып қалған. Олардың жұмысқа көміліп жатқан ештеңесі жоқ. Кейде не істерін білмей, әлеуметтік желілерде әркіммен пікір таластырып отырады. Бұл түбі жақсылыққа апармайды.
Артынша басқарушы және әкімшілік қызметкерлердің 10 пайызы қысқартылғаны белгілі болды. Көбі жұмысқа кейін кіргендер. Ал ұзақ жылдар бойы басшылық қызметте отырып, осы жүйені қалыптастырған адамдар орнында қалған. Өткен аптада Үкімет басшысы да осы қор жұмысындағы нәтижесіздікке, инвестициялық жобалардың кешігуіне және басшылықтың жауапкершілігіне қатысты қатаң сын айтқан еді.
Жоғары аудиторлық палата да былтыр тура бір жыл бұрын осы қор мен қорға кіретін 18 компанияның қызметін тексерді. Аудиторлар холдинг құрылымының өте күрделі екенін айтып, бас шайқаған. Енді қараңыз. Қор тобына 326 компания кірген. 2020–2024 жылдар аралығында олардың 23-і жұмыс істемеген. Мүлдем. 2024 жылдың нәтижесі бойынша 41 компания шығынға батқан. 2020 жылдан 2024 жылға дейін жоспарланған 175 инвестициялық жобаның тек 49-ы аяқталған. Аудит кезінде 351 млн 800 мың теңгенің қаржылық заң бұзушылығы әшкере болған. Сосын 122 млрд 200 млн теңгені жоспарлау мен игеру кезінде тиімсіздікке жол берілгені және жүйелі сипаттағы 119 кемшілік бары анықталған.
Енді Нұрлан Жақыповтың жеке табысына тоқталайық. Дәурені жүрген екен, шалқып өмір сүрген екен. Декларациясында 2022 жылы табыс ретінде 422 млн 100 мың теңге көрсеткен. 2023 жылы бұл көрсеткіш 186 млн 500 мың теңге, ал 2024 жылы 197 млн 300 мың теңге болған. Сонда 3 жылдағы табысы шамамен 806 млн теңгеге жеткен.
Хош. Енді Жақыповтың орнына кім отырады? Ол маңызды емес сияқты. Ең маңыздысы – еліміздің ұлттық байлығын басқару моделі өзгере ме, әлде қалай? Ал қазір резонансты оқиғаға байланысты халықтың реакциясын білейік.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы