Қазақстанда жәрдемақы тағайындау ережесі өзгереді
Елімізде жәрдемақыдан бас тартқандардың саны 729 адамға жеткен. Бұл – Еңбек министрлігі жариялаған соңғы дерек. Қазан айында іске қосылған цифрлық сервисті пайдаланған азаматтар енді өзіне тиесілі кейбір әлеуметтік төлемдерді алмайтын болды. Қыстастық қылған ешкім жоқ. Әркімнің ерікті түрде жасаған жеке таңдауы. Жалпы, биыл республикалық бюджеттен бөлінген 27 трлн 800 млрд теңгенің 3/1 бөлігі әлеуметтік салаға бағытталған. Қомақты қаржы. Осы бір сандардың астарында қоғам үшін салмақты сауал жатқандай.
Мемлекет қолдан келгенше сүрінгенге сүйеу, теңселгенге тіреу болуға тырысады. Әйтсе де, әлеуметтік көмекті әділетті үлестіру маңызды. Президент биылғы Жолдауында саладағы салғырттықты қатаң сынға алды. Негізсіз жеңілдік пен демеу қаржыны көбейтуді популизмге балады. Сондықтан мәселені майшаммен қарап, оңтайлы шешім шығаруды тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қайталап айтамын: мемлекеттік көмек шын мұқтаж адамдарға ғана берілуге тиіс. Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі – осы. Сондықтан бұл күрделі мәселені «өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай», байыппен, салмақты көзқараспен шешу қажет. Артық қыламын деп, тыртық қылуға мүлдем болмайды.
Ернұр Медет, тілші:
Қазақстанның әлеуметтік мемлекет екені даусыз. Себебі мемлекеттің басты байлығы – халқы. Бұл Ата заңымызда айшықталған қағида. Ал халықтың тұрмысы әртүрлі. Бірінің төрт құбыласы түгел. Енді бірінің төрт тағаны теңселіп тұр. Екінші топ қиындықты еңсеру үшін жәрдемақыға мұқтаж.
Жәрдемақының жыры басталғаннан бері Есенгүл Кемелбекованың көңіліне алаң кірген. Алтын құрсақты алты баланың анасы кейде жөргекпұлдың ақшасын таппай қоңторғай күйге түседі. Жолдасы теміржолда жұмыс істейді. Дегенмен бір адамның жалақысы жанұяны түбегейлі қамтамасыз етуге жетпейтіні анық. Сондықтан мемлекеттік көмек бұл отбасы үшін тіршілікке тірек болып отыр.
Есенгүл Кемелбекова, Түркістан қаласының тұрғыны:
Ол жәрдемақыны біз баламызға жұмсаймыз. Балаға берілетін ақша болғаннан кейін, баламыздың керек-жарағын аламыз. Сүтінің өзі, мысалы, қазір 9 000-ға алып жатырмыз, не стаж, енді мысалы, 15 000-ға алып жатырмыз. Памперстің бір блогының өзін 8-9 мыңға аламыз, 96 штук деген. Былай айтқанда, балаға жетпейді, ол тек өзіне ғана жұмсалады.
Есенгүлдің әңгімесі әлеуметтік көмектің шын мұқтаж жан үшін қаншалықты маңызды екенін аңғартады. Енді аз қамтылған азаматтардың тізімін түзу үшін жауаптылар жаңа тетікке көшпек. Келер жылдың қаңтарынан бастап 36 түрлі жәрдемақының 12-сіне мұқтаждық критерийі енгізіледі. Пилоттық жоба кезең-кезеңімен жүзеге аспақ. Алдымен көмек алушылар қатарындағы тұрмысы ең жоғары 23 мың азаматқа SMS-хабарлама жіберіледі. Осы қарекеттерден кейін әр отбасының әл-ауқаты жан-жақты сараланады.
Айнұр Әбдірахманова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:
Бұл төлем 12 жәрдемақының ең жоғары және ауқатты деңгейдегі азаматтар дейміз ғой, отбасына ғана қарастырылатын болады. Орташа табысы, мысалы, жылжымайтын мүлкі, жер учаскесі, активтері, басқа да өзге бизнестік саладан түсетін табыстары болса, солардың жиынтық негізінде көрсеткішімен айқындалады. Басты мақсат – шын мәнінде мұқтаж адамдарға беруіміз керек.
Қайырымның қадірі де керегіне жараған тұста білінсе керек. Табалдырығынан таршылықтың табаны тайған соң мемлекетке салмақ салмауды жөн көрген жандар да бар. Солардың бірі – ақтөбелік Қалауша Садықова. Кәсібін мемлекеттік бағдарламаның шарапаты арқылы өрге домалатқан ол бала күтіміне берілетін жәрдемақыдан өз еркімен бас тартқан.
Қалауша Садықова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
Қазір қаржылық жағдайым тұрақты. Менің ойымша, өз қолы өз аузына жеткен табысы жақсы адамдардың жәрдемақыны алмауына да болады. Себебі бұл қаражат кейбіреулердің тұрмысында айтарлықтай рөл атқармайды. Ал жас отбасылар аяққа тұрып кетуіне үлкен мүмкіндік. Көмекті шын қажеттілігі бар адамның алғаны жақсы.
Қалауша секілділер көбейсе, бюджеттің алма-кезек ішінара айналып жүрген қарыздары да жабылар деген үміт бар. Өйткені жыл басынан бері атаулы әлеуметтік көмекті 218 мың адам алған. Осы шығынды оңтайландыру арқылы келесі жылы 700 млрд теңге, алдағы үш жылда 2,5 трлн теңге үнемдеу көзделіп отыр.
Айбар Олжай, экономикалық шолушы:
Қарыздан қарызға, былай қарағанда, бюджетіміз ішкі қарыздан қайта-қайта ішкі қарызға кіріп, дефицитіміз, былай қарағанда, 4 триллионнан төмен түспей қойды. Біріншіден, адамға тікелей ақшадан гөрі, жағдайын, жолын, суын, баласының баратын мектебімен, өзінің баратын ауруханасын тездетіп дұрыстап берген оның өмір сапасын әлдеқайда дұрыс жақсартатыны Дүниежүзілік банктің зерттеуімен де, бүкіл, мысалы, Нобель сыйлығын алып жатқан әлеуметтанушы, экономистердің зерттеуімен әлдеқашан дәлелденген.
Хош. Мұқтажға медет болған жәрдемнің жөні бөлек. Ал табысы тасып тұрса да, тегін келді ғой деп тартынбай ала беру – қаржыдан бұрын санаға кері әсер етеді, – дейді мамандар. Қалтаның қамын күйттей жүріп, қабілет пен қарымға тұсау салу да осыдан басталуы мүмкін. Психологтар мұны адамның ішкі ұстанымы мен өзін-өзі бағалауына әсер ететін құбылыс ретінде қарастырады.
Жанар Сейітмағамбет, психолог:
«Не аламын?» деп жүрсең, үнемі өмірің сонымен өтеді, «не аламын?» деп өтеді: «қай кезде аламын?», «қашан аламын?» сонымен. Көзқарасың солай бір арнаға бұрылып кетсе, ол психологиялық тұрғыдан да қиын. Сен ол кезде табысың да артпайды. Ол кезде табысың да артпайды, «беремін» демегенсің, «алам, аламын» дегенсің. Бүкіл фокусың «қай жерден алам?» дегенде, сол кішкене-кішкене жәрдемақыға тәуелді болып жүріп қаласың. Уақытыңды жоғалтып.
Еңбекке қабілетті азаматтарды кәсіпке баулу, біліктілігін арттыру, тіпті өз ісін ашуға мүмкіндік беру де осы саясаттың бір бөлігі. Мәселен, биыл сегіз айда атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы 6 565 адам жұмысқа тұрған. Тек осылай масылдық психологиясынан арылған қоғам ғана алға жүреді, – дейді әлеуметтанушылар.
Медет Құдабеков, әлеуметтанушы:
Орталық Азияда жәрдемақы жағынан Қазақстан алдыңғы орында. Жақсы да, жаман дей алмаймыз. Өйткені қолдау адамның өз аяғына тұруына көмектесуі тиіс. Егер адам үнемі сырттан көмек күтіп, соған үнемі иек артса, бұл біртіндеп әлеуметтік масылдыққа әкелуі мүмкін. Сондықтан адам жауапкершілікті өзіне алуы керек.
Жауапкершілік пен жігердің жарқын үлгісін Ғани Есентеміровтің өмірінен көруге болады. Тағдырдың теперішіне төтеп беріп, бір аяғынан айырылса да, қайратын қамшылап, спортта топ жарды. Бүгінде өзі алған асуды өзгеге жол етіп, мүмкіндігі шектеулі жандарды жаттықтырып жүр.
Ғани Есентеміров, Ақтау қаласының тұрғыны:
Жақсыны көріп пікір ет, жаманды көріп шүкір ет дейді ғой, осындай орталыққа келгеннен кейін психологический де депрессиядан шығуға да өзіне адамға оңай болады. Адамды адам қылатын ол еңбек дейді ғой, еңбек, масыл болмай, қашан маған аузыма әкеліп салып береді екен деп күтіп отырмай өзің әрекет жасап, бала-шағаға үлгі болудың амалын жасау керек қой.
Түсінгенге, Ғанидың өзі де, сөзі де ғибрат.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы