Сынаққа сынбаған тағдырлар: Параспортта өздерін дәлелдеген кімдер?
Қайта тұрғандар... Олар басқа салған бейнетті батпан көріп, бұл үшін өмірге бұлданған жоқ, қайта-қайта қайғы ойлап езілмеді. Тауы шағылса да, шағым айтпады. Күресті! Сусып құм болған жігерін қайта жанып, тік тұрды. Биыл Жапонияда өткен Азия Пара ойындарында ел намысын 150 спортшы қорғап, қоржынға 50 медаль салды! 12 алтын, 16 күміс, 22 қола. Әр медаль – маңдай тер, дер кезінде дес бермеген мінез. Себебі оларға берілмеуді өмірдің өзі үйреткен.
Жеңістің де, жеңілістің де парқын білетін параспортшыларды осы апта Президенттің өзі марапаттады. Мемлекет басшысы олардың қайсарлығына айрықша тоқталып: «Расында, асқақ арман мен мұқалмас жігер тоғысқан жерде алынбайтын асу жоқ. Сондықтан параспортшылардың бойындағы жанкештілік пен табандылық әрдайым зор құрметке лайық», – деді.
Өмір бойы теңдік үшін күрескен Нельсон Манделаның, сол үшін Нобель сыйлығын да алды, мынадай сөзі бар: «Спорттың әлемді өзгертуге құдіреті жетеді. Ол адамға жігер береді. Үміт үзілген жерді жалғайды».
Айсұлуды тағдыры көп жылатқан еді. Бірақ бұл жолғы жанарынан үзіле тамған ақ моншақтар Ақорданың өзін тебірентіп тұр. Бұл – спортта ғана емес, өмір үшін күрестегі жеңістің жасы. Ол Жапония жерінде желдей жүйткіп, құрлық рекордын жаңартты. Қайсар қыздың ерлігін Президенттің өзі баяндап, үлгі етіп тұр. 20 жасында қос аяғынан айырылса да, қос қанаты қайырылған жоқ.
Айсұлу Сүлейменова, V Азия Пара ойындарының қатысушысы, Құрылтай депутаты:
Президентіміздің өзі ең алғашқы сөздерінде менің жетістіктерімді айтып, мен осылай өмірдің сынағына сынбай, осындай қайсарлығымды көрсетіп, сол еңбектерімді мақтан тұтып айтып тұрғанын естігенімде еріксіз жас келді. Себебі бұл маған күтпеген жағдай еді.
Қайта тұрып жүгіруге әркімнің-ақ хақы бар. Бірақ қайраты жете ме? Айсұлудың жағдайында тұру үшін де аяқ керек еді. Ол жастығы жасқа малшынса да, жігерін жоғалтпады. Оның жігері – қайта тұруға ғана емес, жарыс жолына шығуға жетеледі.
Бұл Ғаббасовтың шүріппені дөп басып тұрған кезі. Қолына қонбай жүрген Азияның алтынын атып алды. Ол талай жарысқа арбалап барып, дорбалап медаль әкелген. Бірақ алтынның аты алтын. Ол қолға түскен сәтте жеңістің, жүректің әні, ұлттың ұраны шырқала кетеді.
Еркін Ғаббасов, Азия Пара ойындарының чемпионы, Паралимпиада жүлдегері:
Әнұран шырқалған кезде, әрине, жүрек те толқып тұрады екен. Пара Азия ойындарында осы пара оқ атуда әнұран шырқату деген бізде жүрген параспортшылардың арманы. Құрлықтың мықты-мықты спортшыларының ортасында қазақтың туының биік тұрғаны мен үшін үлкен мәртебе болды, мен үшін үлкен жеңіс боп тұрды. Өзімнің ішімнен қуанып тұрдым, бірақ енді сезімді аузымды толтырып жеткізе алмайды екенмін. Бұл менің ғана жеңісім емес, менің ғана жетістігім деп ешқашан айтпаймын. Бүкіл қазақ елінің жеңісі деп есептеймін. Өйткені мені қолдап жатқан адамдар болмаса, мұндай жетістікке жетемін деп ойламаймын.
Ол осыдан 20 жыл бұрын құрылыста жүргенде 12-қабаттан құлады. Арбаға таңылды. Бірақ көлденең келген кесірге Еркін ерік бермеді. Құлаған биігіне қайта шықты. Асқарынан асты. Бел омыртқасы сынса да, мінезі, жігері сынбады.
Екі аяқтан айырылса да, ол ешқашан ешкімге алақан жайған емес. 10 жыл табан аудармай, Халыққа қызмет көрсету орталығында еңбек етті. Ағысқа қарсы жүзу үшін де ескектің екеу болғаны дұрыс. Еркіннің еркі қалаған іспен айналысып, өзіне деген сенімнің сетінемеуіне сеп болған жан – ақ некелі Шынары. Сырласы әрі бапкері. Мектеп қабырғасынан бері бірге. Бүгінде үш бала тәрбиелеп отыр.
Шынар Ғаббасова, жұбайы, бапкері:
Еркіннің көзі жанып, жарқын болғандықтан, соны көріп, жігерлі боп тұрғанда мен неге мұңаямын, мен неден қорқамын? Өзі демеу беріп тұрғанда менің уақытым келді енді, біз біргеміз, біз бірге жұмыс істейміз. Алдағы уақытта біз бәрін жеңеміз, аяғымыздан тұрамыз деп, солай уәде бердік. Өмірде Еркін активист, активный, күлетін жерде күлдіртіп өзі, мұңайғанын көрмеймін Ерекеде. Өте өміріме ризамын, осындай жолымда Ереке кездескеніне. Ең бақытты жанмын деп ойлаймын өзімді.
Жанарынан жарық тайса да, жүрегінде жігер оты жанып тұр. Бұл жанарынан емес, болмысынан байқалады. Ақтолқын 41 жасында татамиге алғаш шықты. Тартынбады. Бүгінде алты баланың анасы, аяулы жар, мейірімді әже, бір әулеттің ұйытқысы. Тұрмыс оны талай жыл тұралатса да, бала арманына ақыры жетті.
Ақтолқын Сейілбекова, Азия Пара ойындарының чемпионы:
Енем марқұм ұрсатын, қойсай деп, бәрімен күресіп жүре беретін тұғым. Сол бір қызық болды ма, білмеймін енді сол, тартып кетті ғой. Кимоно кию бала кезімнен қызық болып, солай боп жүрген. Сол күйі шығып кеттім, өз ортаң болғаннан кейін қызық болады өзімізге. Мотивацияны өзіме өзім берем. Бір күн бұрын, екі күн бұрын өзімді өзім дайындаймын.
50 медальмен ел жаңара кетпесе де, өнегенің өрісі кеңейе түседі. Әсіресе параспорттың парқын түсінген ел – ұрпақ тәрбиесінің тұтқасын ұстайды. Қазір қит етсе, қайғыға батып, деміксе, депрессияға түсіп кете беретін, қураған жапырақтай жігері үзіле кететін жастар көп. Соларға параспортшылардың ерлігі – коучтардың көкесі болуы тиіс. Президент Азияға азуын білеп келген спортшылардың еңбегін елеп, марапат берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мен әрбір жеңісті нағыз патриотизмнің айқын көрінісі деп санаймын. Тұтас халқымыз сіздерге қолдау көрсетті, жанкүйер болды. Былтыр «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңға бірқатар маңызды түзету енгізілді. Мемлекеттік деңгейде басымдық берілетін спорт түрлері айқындалды. Соңғы бес жылда елімізде спорт саласын дамытуға 616 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды. Жалпы, қазір осындай нақты шаралар өз нәтижесін беріп жатыр деуге болады. Спортшыларымыз жаһандық аренада жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, мемлекетіміздің беделін көтеріп жатыр.
Бір құлаған – мың құлаған емес. Түрлі сынаққа сынбай, парасатты шешіммен параспортты таңдағандар көп. Құлады, күрсінді. Бірақ күресуге хақы барын түсінді. Олар Мұқағалидың сөзін растаған батырлар. «Тау құлатқан тасқынның ағысына, кір жуытпай, кіршіксіз намысыңа, қарысуға болады, алысуға»...
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы