Қазақ телевизиясының алғашқы дикторы Зұлқия Жұматова өмірден өтті
Қазақ телевизиясының алғашқы үні, алтын дауыс иесі Зұлқия Мұқанқызы 107 жасқа қараған шағында өмірден өтті. 1958 жылдың 8 наурызында көгілдір экран арқылы көрерменмен қауышқан ардагер диктор ұлттық телевизияның қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты. Ғасырдан астам ғұмыр кешіп, талай тарихи кезеңнің куәгері атанды. Қазақ журналистикасының дамуына өзіндік із қалдырды. Енді оның қоңыр дауысы мен жарқын бейнесі тарих бетінде мәңгі сақталады.
Зұлқия Мұқанқызының үні мен бейнесі бір кездері әр шаңыраққа таныс еді. Көгілдір экран арқылы елдегі елеулі жаңалықтарды жеткізіп, көрерменге маңызды ақпарат ұсынды. Көзкөргендер оны кәсібіне адал, сөзіне ұқыпты, жауапкершілігі жоғары маман ретінде еске алады. Ал телевизияға қадам басуы үлкен іріктеуден басталған. 1958 жылы Алматы телестудиясы дикторлыққа байқау жариялап, 750 үміткердің арасынан Зұлқия Мұқанқызы үздік шықты. Осылайша ол ұлттық эфирдің алғашқы қарлығаштарының біріне айналып, салада 12 жыл еңбек етті.
Сәуле Жиреншина, медиаменеджер, Қазақ телевизиясының ардагері:
Мұндай кісілерді қазақ айтады ғой, сүйегі асыл деп. Алғашқы қазақ дикторының бет-бейнесі, пішімі, келісімі, өзінің тәрбиесі, мәдениеті өте жоғары болған. Бұл кісі бүкіл қазақ зиялыларының бет-бейнесін осы көгілдір экран арқылы көрерменге ұсына білді деп айта аламыз.
Зұлқия Жұматованың еңбек жолы қазақ телевизиясының қалыптасу кезеңімен тұспа-тұс келді. Ол кезде көрермен алдына шығу диктордан мінсіз дайындық пен жоғары жауапкершілікті талап ететін. Эфирдегі кәсіби шеберлігімен қатар, ол отбасында да өнегелі әже бола білді. Ұрпағына ақылын айтып, әдебиет пен өнерге деген қызығушылығын оятты.
Данель Жұланов, Зұлқия Жұматованың немересі:
Әжем өмірдің талай қиындығын бастан өткерсе де, қайсар мінезі мен мықты рухын жоғалтпаған жан еді. Біз оның өмір жолы мен адамгершілік қасиеттерінен әрдайым үлгі алдық. Қартайған шағында да елде және әлемде болып жатқан жаңалықтардан үнемі хабардар болып отыратын. Әсіресе, қазақ әдебиетіне ерекше қызығушылық танытып, бізге ақын-жазушылардың шығармаларын айтып, рухани тәрбие беретін.
Зұлқия Мұқанқызы талай тарихи тұлғамен жүздесіп, олардың ой-толғамын көрерменге жеткізді. Соның ішінде қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтен алған сұхбатының орны бөлек. Телевизиядағы қызметімен қатар, балаларға арнап өлеңдер мен ертегілер жазды. «Өмір өтіп барады көрген түстей» атты кітабы жарық көрді. Алғашқы эфирдің қызығы мен қиындығын, сол кездегі ұжымның ерен еңбегін Зұлқия Мұқанқызы жиі айтатын.
Зұлқия Жұматова, Қазақ телевизиясының алғашқы дикторы:
Кішкентай ғана теледидар көргеніне халық сонша қуанды. Біз сол қуанышты ашқанымыз, бірінші экранда бірінші концерт бергеніміз, біздің қызметіміз өте ауыр болды. Бірақ шын жүрегімізбен, шынымызбен отбасымызды ұмытып, таңертеңнен кешке дейін қызмет еттік...
Зұлқия Жұматованың елге сіңірген еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. Биыл Мемлекет басшысы оған отандық журналистика мен телевизияны дамытуға қосқан үлесі үшін «Құрмет» орденін табыстады. Бұл марапат ардагердің ұлттық телевизия саласындағы ұзақ жылғы еңбегінің еленгенін аңғартады. Ал оның өмір жолы мен өнегесі ұрпаққа үлгі болып қала бермек. Зұлқия Мұқанқызы Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленді. Ғасырдан астам ғұмыр кешкен қазақ телевизиясының алғашқы дикторы мәңгілік мекенін осы жерден тапты. Оның қоңыр дауысы мен жарқын бейнесі көрермен жадында сақталып, есімі ұлттық телевизия тарихында қала бермек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы