Басты Жаңалықтар Президент шұғыл түрде Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді

Президент шұғыл түрде Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді

Дүйім елді дүр сілкіндірген осы екі топ-менеджердің ұсталғаны туралы хабардан кейін Президент шұғыл түрде Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді. Иә, бұл жай ғана кезекті сыбайлас жемқорлық дерегі емес. Мемлекет мүддесіне, елдің экономикалық қауіпсіздігіне және халықаралық беделіне әсер ететін күрделі жағдай. Тоқаев елде жемқорлықтың ушығып тұрғанын ашық айтты. «Сыбайлас жемқорлыққа жол бергендерді мемлекеттің қас жауы» деп атады. Заңсыздыққа қарсы қабылданатын шаралардың бәрі жасырылмай, бүркемеленбей, халыққа бүкпесіз жарияланатынын мәлімдеді. Сандарды сөйлете кетейін. Соңғы 3 жылда елде жемқорлыққа қатысты 3168 құқық бұзушылық анықталған. Жалпы сомасы 248 млрд теңгеден асады. Биылғы он айда тағы 751 дерек тіркеліп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Өзіміздікі» және «өзіміздікі емес», тіпті «бөтен» деп бөлуге мүлде жол берілмейді. Өйткені Конституцияда заң мен сот алдында бәрі тең екені анық жазылды. Біз бәріміз де осы заңға бағынуымыз керек. Жоғары лауазымға ие болу – әрқашан және әрдайым жүктелетін жоғары жауапкершілікті дұрыс түсіну деген сөз. Қоғамымызда атқаратын лауазымына, сіңірген еңбегіне не болмаса тамыр-таныстарына, соның ішінде туыстық байланыстарына қарамастан, ешкім де заңнан аттап кете алмайды. Бұл – мен үшін мызғымайтын, яғни өзгермейтін ұстаным. Соңғы кезде біз кейбір келісімдер мен шарттарды қайта қарадық. Меніңше, оларға қол қою қате шешім болған.

Енді Ұлттық қауіпсіздік комитеті Бас прокуратурамен бірлесіп, жоғары лауазымды басшылардың заңсыз әрекеттерін жіті тексереді. Жалпы, жемқорлықпен күрестің нәтижесі де жоқ емес. Осы уақытқа дейін мемлекетке 1 трлн 300 млрд теңгеден астам заңсыз иемденілген актив қайтарылды. Бұл қаржыға 466 әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысан салу жоспарланған. Президент енді сол құрылыстардың да сапасын мұқият тексеруді тапсырды. Ал алдағы «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында ауқымды жобалар жүзеге аспақ. Қомақты қаржы бөлінетін салаларға сыбайластықтың араласуына жол берілмеуі керек. Әр теңгесі бақылауға алынады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Барлық әлеуметтік инфрақұрылым нысандары, соның ішінде жолдар, әуежайлар, емханалар, оңалту орталықтары, шығармашылық үйлері, мектептер мен спорт кешендері сапалы салынуы керек. Бұл – мүлтіксіз орындалуға тиіс талап. Мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуын арнайы мемлекеттік комиссия қадағалайды. Оның құрамы келесі аптаның басында жарияланады.

Осылайша Президент үкімет пен бақылаушы органдарға 24 қарашаға дейін уақыт берді. Демек, 9 күн қалды. Олар мемлекеттік компаниялардағы жемқорлықты азайтып, жұмыс сапасын арттыру жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуі керек.

Президент жемқорлыққа қатысты мәлімдеме жасаған бұл жиын, негізі, көлік-транзит саласын дамыту мәселесіне арналған болатын. Мемлекет басшысы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қызметін қатаң сынап, кірісті арттыру, қызметті оңтайландыру, соның ішінде цифрландыру құралдары арқылы компанияның жұмыс тиімділігін көтеру міндетін қойды.

Бөлісу