Басты Жаңалықтар Алматы әуежайының жаңғыртылған ішкі рейстер терминалы ашылды

Алматы әуежайының жаңғыртылған ішкі рейстер терминалы ашылды

Алматы әуежайының жаңғыртылған ішкі рейстер терминалы ашылды

Алматы халықаралық әуежайында ішкі рейстерге арналған жаңғыртылған Т1 терминалы ресми түрде ашылды. Салтанатты рәсімге Көлік министрі Әсел Жанасова, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, TAV Airports Holding компаниясының бас директоры Серкан Каптан және авиация саласының өкілдері қатысты.

Терминалды жаңғырту жұмыстары 2025 жылғы қыркүйекте басталған еді.  Жобаға шамамен 32 млн АҚШ доллары инвестиция салынды.

Жөндеу барысында тіркеу аймағы толық жаңартылып, 23 жаңа тіркеу орны орнатылды. Ұшу алдындағы тексеру аймағы кеңейтіліп, отырғызу талондарын сканерлейтін автоматты турникеттер саны артты. Сондай-ақ сегіз отырғызу аймағы жаңартылып, үш жаңа телескопиялық трап орнатылды.

Жүкті өңдеу жүйесі де жаңғыртылды. Конвейерлердің жалпы ұзындығы 85 метрден 228 метрге дейін ұлғайып, заманауи тексеру жүйесі енгізілді. Бұдан бөлек, терминалдың инженерлік жүйелері, санитарлық бөлмелері, лифтілері мен ішкі кеңістігі жаңартылды. Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін жаңа сауда және қоғамдық тамақтану орындары ашылды.

Жаңғыртудан кейін терминалдың жылдық өткізу мүмкіндігі 3,2 млн жолаушыдан 9 млн жолаушыға дейін артты.

Т1 терминалын жаңарту – Алматы әуежайын 2050 жылға дейін дамытуға арналған Horizon бағдарламасының алғашқы кезеңдерінің бірі. Бағдарлама аясында аэродромдық және техникалық инфрақұрылымды дамыту, жаңа рулдеу жолын салу, ұшу-қону жолағын реконструкциялау, жүк перронын кеңейту және техникалық қызмет көрсету ангарын салу жоспарланған.

Жоба Алматы әуежайының өткізу мүмкіндігін арттырып, қаланың өңірдегі ірі авиациялық және көлік-логистикалық орталық ретіндегі әлеуетін нығайтуға бағытталған.

Бөлісу