Редакциямызға «айдың күні аманында учаскелік полицейлер мені соққыға жықты», деп алпыс жастағы ақсақал хабарласты. Ақмола облысы Ерейментау ауданының тұрғыны Сулумбек Тачаевтың сөзінше, мас күйіндегі учаскелік полицейлер оны тасжолдың бойында сабаған. Барлығы да бір ауылдық округтің азаматтары.
17 шілде күні кешкісін егістіктен қайтып келе жатқан Сулумбек Тачаев жол жағасында қаңтарылып тұрған полицейлердің көлігін көреді. Жағдайды білмек болып тоқтағанда, ақсақалды полиция қызметкерлері әй-шайға қарамай, соққыға жыққан. Ақсақалдың сөзінше, олар жол бойында спирттік ішімдік ішіп тұрған. Біреуі қарап тұрып, қалған екеуі тепкінің астына алған. Тачаев көлігіне мініп қашып үлгерген.
Сулумбек Тачаев, Ақмола облысының тұрғыны:
Ешқандай куәгер болған жоқ. Жолдасымды ертіп ауруханаға тура тарттым. Ауруханаға келіп, жағдайды жеткізбек болып, аудандық ішкі істер бөлімінің басшысына телефон соқтым. Ол жауап бермеді. Осылайша, мен төсекке таңылдым. Соңынан ішікі істер бөлімінің басшысы өзі іздеп келіп, мені соққыға жыққан учаскелік полицейді басқа ауылға ауыстырып жібергенін айтты.
Сулумбек Тачаев аталған оқиға бойынша тиісті орынға шағымданған. Іспен қазір ішкі істер бөлімі емес, Қаржы полициясы айналысуда. Себебі, іс полицейлердің қызметін асыра пайдалануға қатысты болуы мүмкін.
Алайда, облыстық ішкі істер бөліміндегілер Тачаевтың сол аудандағы қылмыстық істердің бірі бойынша күдікті екенін алға тартып отыр. Бұл әрекетін Тачаев жауапкершіліктен құтылып кету үшін істеуі мүмкін, деп отыр.
Гүлнар Пинчук, Ақмола облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы:
Бұл іске қатысты алдын ала тексеріс жүргізілді. Учаскелік полиция инспекторлары сол күні көп уақыт өтпей арнайы тексерістен өтті. Тексеріс нәтижесіне сай полицейлердің ішімдік ішпегені анықталды.
Қалай десек те, оқиғаның түсініксіз тұстары көп. Істің ақ-қарасын тиісті органдар ажырататын болады.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ
Ерболат ТӨЛЕГЕНҰЛЫ