Талдықорған қаласындағы автовокзалда жүк багажы мен сөмкелерге жапсырылатын жолжүгінің биркалары Кеңес одағынан қалған.
22 жылдан бері ауыстырылмай әлі күнге дейін пайдаланылып келеді. Тіпті онда «Қазақ ССР-інің Автотранс министрлігі» деген жазу да айқын сақталып қалған.
Бұған ашынған тұрғындар қанша жерге барып, өтініштерін айтқанымен, бұл олқылыққа құзырлы мекеменің біреуі де назар аударып, шара қолданбаған.
Сондықтан, Қапар Ахатұлы есімді азамат біздің редакциямызға хабарласты.
Қапар Ахатұлы Талдықорған мен басқа қалалардың арасында жиі қатынайды. Жолаушы бұл қателік орны толмас олқылық, деп есептейді.
Оның айтуынша, бір емес, бірнеше жыл қатарынан мұндай жағдай қайталанып келеді. Оған назар аударып,бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Кеңес одағынан қалған биркалар бұл жерде кеңінен қолданылуда.
Қапар Ахатұлы, жолаушы:
Тәуелсіздік алғанымызға 22 жыл болды. Сол уақыттан бері үлкен облыстық автовокзалдың осы бір кішкентай билетті өзгертуге шамасы келмеді ме? «Казахская СССР» деген сөз Тәуелсіз Қазақстан Республикасын мойындамады, деген сөз.
Ал, автовокзал мамандары мұндай жазуды бұрын естімепті, көрмепті. Тіпті,біздің ешқандай қатысымыз жоқ, деп бір-біріне сілтейді, кінәсіз екендіктерін айтып ақталады. Олардың айтуынша, бәріне баспахана жауапты.
Бұл қағаздың баспадан 25 жыл бұрын басылып шыққаны түсінікті, тіпті түсі де өңіп кеткен. Алайда, автовокзал қызметкерлері одан құтылуға асығар емес.
Жалпы, бұл жерден күніне осындай 50-60 мөр қағазы өзге өңірлерге жіберіледі. Автовокзалға 1 айда 1000-ға жуық адам келетінін ескерсек, Кеңес одағынан қалған қағаз барлық 16 облысқа таратылып үлгерді.
Вокзал басшысы болса, бұл мәселеге еш алаңдап отырған жоқ.
Есмұхамет Мешімбаев, автовокзал басшысы:
Мен ондай қағазға аса назар аудармас едім. Біреулер «тырнақ астынан кір іздеп» жүрген шығар. Жұмыс істемеген адам ғана қателеспейді ғой.
Қала әкімшілігі енді бұл қателіктің көзін түбегейлі жоямыз, деп бел буыпты. Олардың уәдесіне сенсек, дәл ертеңнен бастап, бұл қағаз қолданыстан шығарылатын болады.
Индира БЕГАЙДАР