Бүгін - Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін - Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні

30.07.2014
Бүгін - Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні

Әлемде миллиард мигранттың 10 пайызы  құлдықтың құрсауына түскен. Бүгін - Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні. Бұл күн БҰҰ-ның шешімімен бірінші рет аталып өтпек.

Сәния тігінші болып жұмыс істеген. Жалақысы мардымсыз болса да, қымбат әшекейді, көлікті армандайды. Ақыры арман жетелеп Ташкенттен Астанаға келеді. Бірақ, жұмыс іздеп жүріп, жеңгетайлықпен айналысатындардың қолына түседі.

Сәния, жәбірленуші: 

Қашып кету жолдарын қарастырдым. Бірақ, есік алдында жігіттер тұрады. Бізбен бір пәтерде жатады. Есік ашық қалмайды. Есікті кілтпен жауып, өзімен алып жүреді.

Бұл қылмыс бірқатар елде арзан жұмыс күшіне деген сұраныстан басталып, зорлық-зомбылықпен аяқталады. Қазақстанда жыл басынан бері  54 азамат адам саудасының құрбаны болған.

Самал Мақыбаева, ҚР ІІМ Криминалдық полиция комитетінің қызметкері:

Оның 52-і - Қазақстан  азаматы, екеуі - шетелдік азамат. Қырғыз Республикасының екі азаматшасы жыныстық пайдалануға ұшыраған. Қазіргі кезде осы аталған қылмыстық істердің барлығы тергеуде және  сотқа жолданды. Бүгінгі таңда 10 адам адам саудасына байланысты  қылмыстары үшін 2 жылдан 8 жылған дейін бас бостандықтарынан айырылды.

Алданып, құлдыққа ұшыраған жандарға арнайы  орталықтар қолұшын береді. Жақында ашылған Астанадағы «Көмек»  мекемесінде  оларға тегін  көмек көрсетіледі. Онда гинеколог мамандардан бастап, психолог, әлеуметтік қызметкерлер де жұмыс істейді.

Ақмарал Ахметова, «Көмек» орталығының әлеуметтік қызметкері: 

Бізге қыздар келгенде Туу туралы кәуліктері де, жеке басын куәландыратын құжаттары да болмайды. Сондай жағдайда өздерінде бар құжаттарын аламыз. Сосын тіркеуге өткіземіз. Барлық құжаттарды дайындап болған соң ғана оларды өз еліне жіберуге болады.

Елімізде кез келген адам құлдыққа ұшыраған жағдайда бірден 1-16-16 сенім телефонына хабарласуы керек. Мамандар өзге мемлекетке барып жұмыс істегісі келетін адамдарға құжаттардың тұпнұсқасын ешкімге бермеуін, ауызша келісімге бармауын және  құжаттарды кадр бөліміне ғана тапсыру керектігін ескертеді.

Ләззат БЕКТАС

 

Хабарламаларға жазылу