Табиғат тосын мінез танытты. Павлодар облысының Екібастұз қаласында ауа райы күрт суытып, соңы бұршаққа ұласты. Бармақ басындай бұршақтың салдарынан көшені қалыңдығы 2 сантиметрлік мұздақ басты. Ал, дәл осы сәтте Көкшетауда нөсер жаңбырдың салдарынан 160-тай үй су астында қалды.
Қырық күн шілдеде ауа райының аяқ астынан құбылуын жергілікті тұрғындар түсіне алмай дал. Өйткені, олар жаздың қақ ортасында мұндай жағдайға бірінші рет куә болып отыр. Көзді ашып-жұмғанша, бұршақ бау-бақшаны түгел жайпап өтті. Қатты дауылдан бірнеше көлікке зақым келді.
Ерхан Таткен, қала тұрғыны:
Бастапқыда қар жауды ма, деп ойлағанбыз. Сөйтсек, бұршақ жауыпты. Бұршақтың үлкендігі бөдененің жұмыртқасындай.
Қатты дауыл тараздықтарды да әбігерге салды. Электр желілері үзіліп, жекеменшік үйлер жарықсыз отыр. Ауа райының қолайсыздығынан «SCAT» әуе компаниясының «Тараз-Астана» бағытындағы рейсі бірнеше сағатқа кешікті.
Гүлнұр Ғалымжанқызы, қала тұрғыны:
Жарық өшіп қалды. Айтқа дұрыс дайындала алмадық. Жөндеп жатыр дейді. Әлі жанған жоқ.
Нұрман Бейсебаев, «Жамбыл электр жүйелері» ЖШС басшысы:
Жөндеу жұмыстарын таң атқалы жүргізіп жатырмыз. Тұрғындардан жалпы саны 150-дей шағым келіп түсті. Ертеңге дейін жөндеу бригадаларының күшімен барлық желіні ретке келтіреміз.
Ал Көкшетауда нөсер жауыннан келген шығынды есептейтін арнайы комиссия құрылды. Естеріңізге салайық, кеше қатты жауын салдарынан 160-қа тарта тұрғын үй су астында қалған еді.
Комиссия мүшелері тексеру кезінде 69 үй жауыннан зардап шекті деген қорытындыға келді. Жалпы, өткен жылдармен салыстырғанда, биылғы жаздың жаңбырлы болғанын синоптиктер де растайды. Бірақ, тамыз айында кей өңірде күн жылынатынын айтады.
Саида Бердібекова, «Қазгидромет» РМК орталығының инженер-синоптигі:
Қазақстанның батысында және оңтүстігінде антициклонның ықпалына байланысты жауын-шашынсыз деп күтілуде. Ауа температурасы күндіз 13-18 кей жерде 21 градус жылы болады.
Алайда, мамандардың айтуынша, еліміздің орталық бөлігінде қатты жаңбырдың жаууына ықпал еткен циклон енді шығысқа қарай жылжиды. Апта соңында мұнда да найзағай ойнап, жаңбыр жаууы ықтимал. Кей жерде секундына 15-25 метр жылдамдықпен жел соғады.
Шынар АСАНҚЫЗЫ