Павлодарлық шенеуніктердің салғырттығы кәсіпкерліктің дамуына кедергі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарлық шенеуніктердің салғырттығы кәсіпкерліктің дамуына кедергі

25.07.2014
Павлодарлық шенеуніктердің салғырттығы кәсіпкерліктің дамуына кедергі

Кейбір павлодарлық шенеуніктердің салғырттығы шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіріп отыр. Мәселен, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша несие алып, шаруашылық ашқан адамдарға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым бюджет есебінен тегін жасалуы тиіс.

Ал, Қашыр, Май және Павлодар аудандарының әкімшіліктері мұны орындамаған.

Қашыр ауданының тұрғыны Абдулбасит Мамедалиев көкөніс сатумен айналысады. 50 сотық жылыжайы бар. Содан түскен табыс күнделікті тұрмысына молынан жететін.

2011 жылы кәсіпкерлікті дамыту бөлімі «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша несие алып, бау-бақша көлемін ұлғайтуға ұсыныс жасапты.

«Жарық пен суды тегін тартып береміз, деген соң көндім», дейді. Сол несиелік қаржыға ұлғайтқан 8 гектар жердің көкөнісі енді күнге күйіп жатыр.

Абдулбасит Мамедалиев, жеке кәсіпкер: 

Жүгіре-жүгіре шаршадық. Несие алғанымызға 3 жыл болды. Әлі инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жасалған  жоқ. Біз өнім ала алмай жатырмыз. Су жоқ. 

Кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесі мүшелері үшін бұл көктен түскен жаңалықтай болды. Себебі, мемлекеттік бағдарламада инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым толықтай мемлекет есебінен жасалатыны анық  көрсетілген.

Кенже Кеңесбаев, Кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің төрағасы:

Ешкім тегін сұрап отырған жоқ. Үкімет Қаулысы бар. Соны орындау керек.

Жайбасарлыққа жол берген - Қашыр, Май және Павлодар аудандарының шенеуніктері. Кеңес кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтірген олардың бұл әрекетіне қатысты  қаулы қабылдап,  облыстық әкімшілікке жіберетін болды.

Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу