Ақтөбе облысында 4 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі бала бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында 4 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі бала бар

25.07.2014
Ақтөбе облысында 4 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі бала бар

Ақтөбе қаласында мүгедек балалары бар аналарға ерекше жағдай жасалды.  «Жайна» медициналық мекемесінің мамандары кемтар балаларды тек емдеп қана қоймай,  4-5 сағатқа дейін орталықта қалдырып кетуге мүмкіндік тудырды.

Мұндағы қалыптасқан ортаның да мүгедек балаларға оң әсері бар. Орталыққа келгендері ашылып, қоғамға бейімделуде. Айта кетерлігі, қызмет бастан-аяқ тегін көрсетіледі.

Бүгінде облыс аумағында 4 мыңға жуық мүгедек бала бар. Оның 1000-нан астамы Ақтөбе қаласында тұрады.

«Жайна» медициналық мекемесі сал ауруына шалдыққан және құлағының мүкісі бар 100 балаға жауапты. Төсек тартып жатқандарын үйінен емдейді.

Ми талшықтарының дамуына әсер ететін түрлі құрылғылардың көмегі зор. Нәтижелі істі көрген тағы 20 адам баласын әкелуге ниетті. Оларды түгел қабылдау үші  орталық ауқымын кеңейтпек.

Нұрила Жарболова, логопед-дефектолог:

Қазіргі таңда аудандардан сұраныс көп. Осындай орталықты аудандардан ашып, оңалту жұмыстарын жүргізсек, дейміз. Жарты жолда тастамай, осы балаларды 18-ге толғанға дейін көмектесіп, одан кейін оқу орындарын ашып, балалар қандай жұмысқа бейім, соған байланысты оқытып, жұмыспен қамтысақ, деп отырмыз.

Таныстары Гүлсайра Ғатауованы төзім мен табандылықтың үлгісін көрсете білген жан деп бағалайды.

 16 жасқа дейін қарыс қадам аттауды білмеген ол еңсесін тіктеу үшін талмай спортпен  шұғылданды. Ақыры мақсатына жетті.

Қоғамдық жұмыста қашан да белсенді. Өзі тәрізді мүмкіндігі шектеулі жандарға компьютер негіздерін үйретеді. Жас маман қазір «Даму» қорының кәсіпкерлік курстарына да қатысып жүр.

Гүлсайра Ғатауова, І топтағы мүгедек:

Осы жұмысты одан әрі кеңейту мақсатында жоба жаздым. Яғни, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған компьютерлік сынып ашу. Оқимын, деген адам өте көп. Бірақ, кейбіреулерінің қаражаты жетпейді, кейбір оқу орындарының жағдайы олардың жағдайына сәйкес келмейді. Сол себептен оқи алмай отыр.

Көкшетаулық Рамазан Мұқатаевтың құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында  беліне зақым келіп, екі аяғы жүруден қалды.

Күні арбаға қарап қалса да, ол өмірге деген құлшынысын жоғалтпады. Қайтадан еңбекке араласты.

Шағын кәсіп ашып, бүгінде отбасына пайда келтіріп отыр. Тапсырыс бойында бұзылған бұйымдарды жөндеп, ел игілігіне жарап жүр.

Рамазан Мұқатаев, І топтағы мүгедек:

2004 жылы осындай оқиғаға ұшырадым. Еңсемді түсірген жоқпын. Болашағымды ойлап, жанұямның, балаларымның болашағын ойлап, ұмтылдым. Нақты, осы уақыттағы кәсібім - тігін  машиналарын жөндеу. Осыдан 5 жыл бұрын қолжуғыш жасаумен айналыстым. 

Бұл жандардың қай-қайсысы да тағдырдың тауқыметін аз тартқан жоқ. Десе де, олардың өмірге деген құлшынысы - сау адамға үлгі боларлық.

 

Шынар АСАНҚЫЗЫ

Әлия ТАЛАСОВА

Рауан ДИӘЛИ

Ерболат ТӨЛЕГЕНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу