Көкшетаулық Жұрынтаевтар отбасы 8 баланы бауырына басты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетаулық Жұрынтаевтар отбасы 8 баланы бауырына басты

23.07.2014
Көкшетаулық Жұрынтаевтар отбасы 8 баланы  бауырына басты

Көкшетау қаласында тұратын Жұрынтаевтар  - мейірімі тасыған  мерейлі отбасы. Үйдің түтінін түтетіп отырған Дариға Жұрынтаева төрт баланы дүниеге әкелді.

Бүгінде ұлдары ұяға, қыздары қияға қонған. Аналық махаббатпен Дариға  отағасының келісімін  алып, осыдан 3 жыл бұрын   ата-анасынан айырылған тағы  8 баланы  бауырына басты.

Асыранды балалардың үлкені Михаил жақында Степногор қаласынан туған анасы мен ағаларын тауып, мұндағылармен қош айтысты.

Қалған жетеуі Жұрынтаевтар шаңырағанда ата-ананың аялы алақанын сезінуде. Жетеудің бесеуі - қыз.

«Шеше көрген тон пішер», демекші, анасы Дариға бар білгенін қыздарына үйретуде.  

Дариға Жұрынтаева, қала тұрғыны:

Сатып алмайық, деп бәрін өзіміз тігеміз. Қалта, төр көрпелерді өзіміз тігеміз. Қазір жасымның ұлғайып келе жатқаны болар,  ине сабақтау қиын болып барады. Екі қызым отырып, ине сабақтап, дайындап отырады.

Дариға Жұрынтаева балаларын адал еңбекке  баулып жүр. Мектеп жасындағы бүлдіршіндер үйдегі шаруаға қолғабыс.

Даниэль Емельянов:

Мен қаз, үйректерге қараймын, оларға тамақ беремін. Анам оларды маған тапсырды. Енді мен анамның сенімін ақтаймын. Сосын күзде бірнешеуін қалдырып, қысқа дайындаймыз.

Ал, 18-ге толған  балалардың үлкені Эвелина мен Лиза базарда  киім-кешек сатумен айналысады.

Лиза Емельянова:

Бұл киімдерді анам Бішкектен әкеледі. Біз оларды осы жерде сатамыз. Кейбір киімді өзі тігеді. Біз оған көмектесеміз. Сосын осында әкеліп сатамыз.

Бір шаңырақта бастары қосылған тағдырластар  бір үйдің баласындай.

Жүк көлігінің жүргізушісі болып еңбек еткен отағасы жақында сырқаттанып қалыпты.

Соған қарамастан, жұбайы Дариға күнкөрістің  ауыртпалығын көтеруге дайын. Тек, Үкіметтен  коммуналдық қызмет жағынан жеңілдік болса екен, деген өтініші бар.         

Ерболат ТӨЛЕГЕНҰЛЫ

 

Хабарламаларға жазылу