«Бота» қорына - 5 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Бота» қорына - 5 жыл

22.07.2014
«Бота» қорына - 5 жыл

Аз қамтылған отбасынан шыққан балалардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, денсаулығы мен білімін жетілдіруге қаржылай қолдау көрсетіп жүрген «Бота» қорына - 5 жыл.

Қазір еліміздегі тұрмысы төмен 200 мыңнан астам әйел мен бүлдіршін, тіпті жастар да осы қордың қолдауына ие.

Солардың бірі - Маңғыстау облысының Сайын ауылында тұрады. Көпбалалы шаңырақ қаржылай көмек алып, оны кішкентай қара домалақтарының керек-жарағына жаратып отыр.                                                                                         

Ерекешовтер әулеті «Бота» қорының қаржылай көмегін осымен 5-ші баласына алып отыр. Әр перзентке айына 7 мың теңгенің  көлемінде қаражат түсіп тұрады.

Көпбалалы шаңырақта 3 келін бірге тату-тәтті тұрады. Мемлекеттік жәрдемақыдан бөлек берілетін бұл көмек - әлеуметтік аз қамтылған отбасы үшін үлкен қолдау. 

Айгүл Жұматаева, Сайын ауылының тұрғыны:

Көмек ақшаны екінші балама алып жатырмын. Ай сайын келіп тұрады. Бірінші балама босанғанға дейін 3 айдан бастап, босанғаннан кейін 6 айға дейін алдым.

Айжан Қабақова, Батыр ана:

Көпбалалы болғаннан кейін бізге көрсетіліп отырған көмек, деп ойлаймыз. Сүтін, жаялығын аламыз. Көп рахмет. Үкіметтің көмегін көріп келемін.

Қор 3 бағыт бойынша қаражат құйған. Бірінші - балаларға төленетін жәрдемақы, екінші - білім гранттары, үшінші-әлеуметтік жобаларды қаржыландыру.

Осы мақсатқа барлығы 10 миллиард теңгеден астам қаражат бөлініп отыр.

«Бота» қоры Маңғыстаудағы қызметін 2012 жылы балаларға жәрдемақы төлеуден бастады. Демеушілік 4 санат бойынша белгіленеді.

4 пен 6 жас аралығындағы балалар, жүкті және 6 айға дейінгі емізулі сәбиі бар аналар, 16 жасқа дейінгі мүгедек баласы бар жанұя және 16 мен 19 жастағы жасөспірім бағдарламаға қатысуға мүмкіндік алады.

Көмек тек әлеуметтік жағдайы төмен отбасына арнайы  беріледі. Қордың өңірге аударған қаражат көлемі - 850 миллион еңге.

Жанболат Дауылбаев, қор маманы:

Барлық 4 санат бойынша 700 миллион теңге жәрдемақы төленді. Бағдарламаны жүзеге асыруға  көмектесіп жүрген 232 еріктіге төленген қаражат көлемі 35 миллион теңгеге жуықтады.

Облыс бойынша қордан көмек алған 9 мың отбасы бар. Нақты 15 мың адамға қаржылай қолдау көрсетілді. Ал, республика көлемінде 5 жыл ішінде бұл бағытқа 7 миллиард теңгеге жуық   қаражат аударылды.

Оны тұрмысы төмен 150 мың адам  қажетіне жаратып, 72 мың бүлдіршін балабақшамен қамтылды. Әлеуметтің әлеуетін жақсартуға арналған бағдарлама жұмысы қыркүйекте аяқталады.

 

Жазира ӘБІЛ

Хабарламаларға жазылу