Алматы қалалық ІІД басшысы, полиция генерал-майоры Серік Күдебаев жүкті әйелді сәбиімен бірге қағып кеткен шенеунікті ұстап берген Тахмина Шохимардоноваға алғыс хат жариялады.
Оқыс оқиғаның куәгері болған батыл қыз қашқан автокөліктің соңына түсіп, жолына бөгет болған. Кінәліні қуып жеткен соң «102» пультіне хабарласып, болған мән-жайды салқынқандылықпен жеткізген.
Ерлікке пара-пар іс-әрекетімен азаматтық белсенділік танытқан аруды марапаттауға жеке құрам толықтай жиылды. Естеріңізге сала кетейік, оқиға 20 маусым күні Алматы қаласындағы Жансүгіров пен Жұмабаев көшелерінің қиылысында болған еді.
Баласын жетектеген ананы Алматы облысы Ұйғыр аудандық Салық басқармасының басшысы Бақыт Құрмашев «Лексус» көлігімен қағып, оқиға орнынан қашып кетпек болған.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ІІД баспасөз хатшысы:
Аталмыш азаматшаның қажырлы ісінің нәтижесінде бұл қылмыстық істің беті дер кезінде ашылып отыр. Қазіргі таңда зардап шеккен әйел мен баланың денсаулығы жақсарды. Мәлім болғандай, жәбірленуші автокөлік иесіне ешқандай талап қоймай оны кешірген болатын. Сондықтан да, қылмыстық істің беті жуырда жабылады.
Дәурен ДАРИЯБЕК