Көкшетауда кейбір жанармай құю бекеттерінде АИ-92 бензин бағасы бірден 10 теңгеге қымбаттады. Көлік жүргізушілер үш күн бойы бұл маркадағы жанармайды 125 теңгеден сатып алуда.
Жанармай құю бекетіндегі бағаны көтеруге байланысты жекеменшік иелерімен ресми келісім болмаған. Орын алған түсінікіз жағдайды Ақмола облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу агенттігі қолға алмақшы.
Соңғы рет 92 және 93 маркалы жанармай бағасы өткен жылдың қазан айында нақты бекітіліп, содан бері өзгертілмей келген.
Асылбек Аламан, Ақмола облыстық табиғи монополияларды департаменті басшысының орынбасары:
АИ-92, 93 маркалы жанармай бағасының қымбаттауына байланысты ешқандай ресми келісім болмады. Бұл ақпарат департаментке бүгін ғана түсті. Өз тарапымыздан «БЕСТ» және «Северная» жанармай құю бекеттеріндегі жағдайды анықтап, шара қолданатын боламыз.
Бүгін кей ақпарат құралдары «АИ-92/93 маркалы бензині 141 теңгеге, АИ-80 маркалы бензині 122 теңгеге қымбаттайтындығы» туралы жарыса жазды. Алайда, жауапты орган өкілдері бұл ақпарат бойынша қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты.
ЕРБОЛАТ ТӨЛЕГЕНҰЛЫ