Алматы облысында бөгет жарылып, сел жүрді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында бөгет жарылып, сел жүрді

18.07.2014
Алматы облысында бөгет жарылып, сел жүрді

Алматы облысына қарасты Талғар ауданында сел жүрді. Орман шаруашылығындағы үйлер, автожол учаскелері су астында қалды. Сондай-ақ,  «Алматы-Қорғас» жолындағы автокөлік көпірін сел шайып кетті деген ақпар бар.

Шіліңгір шілденің ыстығынан еріген мұздықтар әсерінен сел жүрген.  Жақын маңда елді мекен болмаған соң тұрғындар зардап шеккен жоқ. Бірақ  халық сел жүргенін естіген бетте буынып-түйініп, өз бетінше қауіпсіздік шараларын жасаған.

Басында ағам үйде болған. Тасқыннан үй дірілдеп кетті дейді.  Жанында тұрамыз.

Бізге ТЖМ SMS жіберіп хабарламады.  Олар негізінде хабарлау керек бұндай оқиға болғанда.

Демалып жатқандар барлығы тауға шығып кетті.

Тұрғындар айтпақшы, Төтенше жағдайлар мамандарынан біз де  ақпар ала алмадық. Олар жұмыс істеп жатқан таудың басына шығатын жолды тасқын шайып кеткен.

Нұрлан Наурызалиев, тілші: 

Тасқын сел мынадай үлкен тастарды, ағаштарды және жолда тұрған машиналарды ағызып кеткен. Қазір төтенше жағдай қызметкерлері жолды ашу үстінде. 400 метр жолды жауып қалған.

Төтенше жағдай салдарынан таудағы жазғы лагерьлердегі балалар мен тұрғындар қауіпсіз жерлерге көшірілді. Сел жүрген аймақ тазаланып, қазір онда «Қазселденқорғау» мекемесінің 15 арнайы техникасы мен 40 адамнан тұратын авариялық бригада жұмыс істеуде.

Дәрменияр Қыдырбекұлы, Талғар ауданы әкімінің орынбасары

Сел қауіпсіздігі бар деген ақпарат түскен еді.  Талғардың плотинасы негізі 2006 жылы салынған оның қуаты 6 миллион текше метр селді тоқтатуға жетеді. Сол себептен талғарлықтарға бүгінгі күні ешқандай қауіп жоқ.

Нұрсұлтан Әбдіхалықов, Талғар қаласы су құбыры мекемесінің директоры

Су құбыры мекемесі су тасып беріп жатыр. Дайындап қойған өзіміздің су құбырымыз бар, қазір соны қостық.  Шамамен 1,5 сағаттан кейін  уақытша су құбырымен халыққа су беруге дайындық жасап жатырмыз.

Жалпы, Талғар су қоймасына 8 миллион текше метрге дейін су сияды. Қазір тоспада небәрі 300 мың текше метр су бар»,- дейді мамандар. Бөгеттің арқасында  халық зардап шеккен жоқ. Қосымша, облыстан бөлінген арнайы  20 техника қазір жолды ашып, лайды тазалауда. Бүгін жұмысты толық бітереміз деп отыр жергілікті атқамінерлер.

Нұрлан НАУРЫЗАЛИЕВ, Айгүл ЕРМАХАН

Хабарламаларға жазылу