Алматылық Владимир Стариков нағыз экологиялық аула жасады. Өз қаражатына өзі тұратын көпқабатты үй ауласын гүлдендіріп, көгалды баққа айналдырды.
Онда хош иісті сан алуан гүлдер мен сәндік үшін отырғызылған сәмбі талдарды айтпағанда, балық пен бақа жүзген тоған да бар. Қазіргі шілденің шіліңгірінде табиғаттың таза ауасында тыныстағысы келетін әрбір туристке таптырмайтын демалыс орны.
Жетісу ауданы Ратушный көшесіндегі 100-ші үй ауласы нағыз ертегідей. Бақтағы 300-ден аса гүлдің хош иісі мұрын жарады. 20-дан аса ағаш аулаға сая берсе, резиналардан жасалған тотықұс пен ақ, қара қулар сан бояуымен көпті тамсандырады.
Әшейінде аяқ астында шашылып жататын 20 мың бөтелке қақпақтары мұнда қоршауларды сәнді безендіруге қолданылса, ал шыны шишалармен түрлі жан-жануардың нобайын келтірген. Автор мұндай кереметті 7 жылдан бері жасап келеді.
Владимир Стариков, ауланы безендіруші:
Басында немерелерім үшін терезе алдындағы алаңқайға гүл егіп, көркейткен едім. Кейін көптің көңілін көркем нәрсеге аударайын деп ауланы безендіруге кірістім.
Расымен ауладағы адамдар өзгерді. Мейірімді, табиғатқа жанашырлықпен қарайтын болды. Тіпті осы маңдағы балалар футбол ойнаса, допты гүлзарға түсірмеуге тырысады. Әдемілікті бұзбай, құрметпен қарайды.
Ең қызығы мұндай көркем ауланы безендіруге ол ешкімнен ақша сұрап отырған жоқ. Қайта өз жинап-терген зейнетақысына гүл тұқымдарын, топырақ сатып алуда.
Қалаберді ауланы суғаруға да өз қаржысын жұмсайды. Табиғатқа жанашыр жанның осы еңбегі еленді. Былтыр қала бойынша «үздік аула» атанып, 1 миллион теңге жеңіп алды. Ол сыйақының да тең жартысын осы ауланың кем-кетігіне жаратты.
Владимир Стариков, ауланы безендіруші:
Мына көлшікті күзде жасап, көктемде суда өсетін гүлдерді өсірдім. Мына пирамиданы да күзде жасағанмын. Бірақ гүлі тым селдір, көңілімнен шықпай тұр.
Жуырда жапырағы мол гүлге ауыстырамын. Сонда баспалдақтарды тұтас жауып, әдемі көрінеді.
Эльвира Кагарманова, қала тұрғыны:
Адам қолымен жасалған аула көркіне таң қаламын. Өзім аяғымнан жүре алмасам да осы ауладағы кереметті көруге қаланың бір бұрышынан арнайы келдім.
Неткен ғажайып көрініс. Бұл ниет тазалығы, уақыт пен еңбек қой. Сондықтан мен бұл кісінің алдында басымды иемін.
Әсем ауланың әттеген-айы: бірінші - айналада орындық жоқ. Оны жасау Владимирдің қолынан келеді. Бірақ әдейі қоймай отырмын дейді. Себебі, жұрт отырған жерді ластап, ауланы қоқысқа айналдырады.
Екіншісі - алаңқайдағы соқпақтар ескірген. Шаңы аспанға шығып, келісті ауланың келбетін кетіруде. Әсіресе бұл жолдарда кешке келушілер сүрініп-жығылады. Сол себепті Владимир Стариков аудан әкімшілігі осы мәселені шешуге көмектессе, дейді.
Жазира ИСАЕВА