Нағыз қарбыздар тамызда піседі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нағыз қарбыздар тамызда піседі

17.07.2014
Нағыз қарбыздар тамызда піседі

Дүкен сөрелері мен базарларға қауын-қарбыз маусым айынан бастап саудаға түседі. Мамандар: «Осы алғашқы жеткізілген бақша дақылдары қауіпті», - деп дабыл қағуда. Мұндай кезде нитраттармен улану да артады.

Төретай Дәужанұлы қарбыз жеймін деп аяқ астынан әлекке түсті. Ауладағы сауда орнынан сатып алған қарбызының дәмі мен түсі алғашқыда күдік тудырмаған. Алайда екі сағаттан кейін отбасы мүшелерінің дене қызуы күрт көтеріліп, өздерін жайсыз сезіне бастаған.

Төретай Дәужанұлы, қала тұрғыны:                

Менің балам маусым айының бас кезінде үйге бір қарбыз алып келді. Бас кезінде секем алдым. Немерем соны көп жеді ме, ауырып қалып, екі күн әлегіміз шықты.  

Қазір бұл отбасы кез-келген жерден қарбыз сатып алмайтын болды. Бірақ жол бойындағы жабайы сауда тыйылмай тұр. Мамандардың айтуынша, жерде жатқан қарбыздар, көліктен бөлінетін улы газды бойына тез сіңіріп алады. Оған егіс алқабындағы себілген нитратты қосыңыз. Астанаға жаздың алғашқы айларында жеткізілетін қауын-қарбыздың дәріленгендігін сатушылардың өздері де мойындап отыр.

Сатушы:

Таза піскенін бұл жаққа жібермейді ғой. Сол жақта алып жеп қояды. Мұнда кішкене қызарғанын жібереді. Келгенше пісіп кетеді. Себебі дәрілеген. Дәрімен піседі.  

Мұндай дәріленген жеміс-жидектер базарларға кіргізілмейді. Оны қалалық тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті қатаң бақылайды.

Мейрам Молдашев, қалалық тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары:

Базарлардың барлығында да зертханалар бар. Ол зертханадан өтпей қарбыздар базардың ішені кірмейді.

Мамандардың айтуынша, қауын-қарбызды күн-сәулесінен, жауын-шашыннан қорғалған арнайы жерлерден ғана сатып алған жөн.

Қала тұрғыны:

Біз сабағына қарап аламыз, сертификаттарын сұрамаймыз.

Қала тұрғыны:

Сұрамаймыз, өйткені өзіміз білеміз. Бас жағы қатты болса піскен болады. 

Қала тұрғыны:

Бастысы сапа сертификаты болуы керек. Нитраты бар ма жоқ па екенін білу үшін. Мен бір қарбыз алып жейтін болсам, кестіріп көріп аламын.

Әсіресе, қарбызды балалар құмартып жейді. Статистикалық деректер бақша өнімдерінен уланғандардың арасында осы балалардың үлесі басым екенін көрсетеді. Сондықтан мамандар Елордалықтарға енді 2-2 жарым апта күте тұруға кеңес береді.

Ләззат БЕКТАС

Хабарламаларға жазылу