Атыраудағы бекіре балықтарын өсіретін зауыт Жайық өзеніне 1 миллион 400 мың шабақ жіберді. Олар өзен арқылы теңізге кетеді. Бұлардың жартысы қызыл балықтың, ал қалғаны шоқырдың шабақтары. Жоспар бойынша олар алдағы 3-4 жылда уылдырық шашатын болады.
Бұларды жасанды жолмен уылдырықтан шабаққа айналдыру үшін 2 айға жуық уақыт кетті. Айта кетерлігі, жалпы 1998 жылдан бері теңізге 100 миллионнан астам балық шабақтары жіберілген.
Азамат Абиғалиев, ихтиологиялық мониторинг және балық аулауды реттеу бөлімінің басшысы:
Былтырғыға қарағанда, биыл үлкен 12-21 грамнан өсіріп, жіберіп жатырмыз. Оның бірден-бір себебі, алдағы уақытта бекіре тұқымдас балықтар ешкімге жем болмай, еркін өсіп жетіледі.
Рашид Қалидуллин, Атырау бекіре балық өсіру зауытының директоры:
Биыл браконьерлік өткен жылдарға қарағанда азайды. Сондықтан, биылғы балықтардың өсуі, осы зауытқа келуі - «Бекіре – 2014» шарасының өте жақсы жағдайда өткендігі.
Батырбек ҚУАНДЫҚҰЛЫ