Елімізде 600 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Олардың 65 пайызы еңбекке қабілетті болса, 80 пайызға жуығы салауатты өмір салтын насихаттап, спортпен белсенді түрде айналысады.
Қоғамдық істерге араласады, өзгелерге көмек көрсетеді. Тіпті, кейбір азаматтар Әлем чемпионы да атанып жатыр.
Ақтөбедегі сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығының белсенді мүшесінің бірі - Зарина Мәмбетқазиева.
Спортқа жаны құмар қыздың мүгедектерге арналған әлеуметтік көмек көрсету орталығында жұмыс істегеніне - 5 жыл.
Осы уақыт аралығында дене жаттығуы арқылы көптеген мүгедек баланың оңалуына көмек көрсетті.
Оқшау қалған тағдырластарын орталыққа шақырып, жастарды спортқа баулып жүр. Елгезек Зарина үшін өзгеге қолұшын беру - ең үлкен жетістік.
Светлана Рязанцева, орталық дәрігері:
Ол жеңіл атлетикадан жақсы көрсеткіштерге жетіп жүр. Кәдімгідей ерекше көңілмен айналысады. Сондай-ақ, Зарина шахмат, тоғызқұмалақтың да шебері. Спорт арқылы өзінің де, өзгенің де қайғысын ұмыттырады. Жігері мықты. Қандай қиындық болса да, жеңуге тырысады. Жұмыс істеп, өзгеге пайда келтіру - ол үшін үлкен бақыт.
«Мүгедектік арманға қолбайлау бола алмайды». Бұл сөз -Владимир Эрманның өмірлік ұраны. Ол Польшада өткен ашық чемпионаттан 2 алтын, 1 қола медальді еншілеп қайтты.
Владимир 20 жасында жарымжан атанып, арбаға таңылған еді. Бірақ, жігерлі жан тынбай жаттығып, жүрмесе де қозғала алатын болды. Қоғамдық өмірге белсене араласты. Қазір қалалық мәслихаттың депутаты.
Бірақ, сүйікті спортынан қол үзген жоқ. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Польшада брасс стилімен 50 және 10 метрлік қашықтықты бағындырып, алтын медаль иеленді.
Ал, еркін жүзуде 3-ші орынды еншіледі.
Владимир Эрман, халықаралық дәрежедегі спорт шебері:
Жарысқа барғандағы басты мақсатым орындалды. Жүзу қашықтығындағы уақытымды азайттым. Жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Бірақ, әлі де жаттығу керек. Өйткені, барлық мықты қарсыластар Азия ойындарында болады. Сондықтан, маған жылдамдыққа жұмыс істеу керек. Ал, су спорты менің денсаулығыма өте пайдалы, жүзу бұлшықеттерге оң әсер етеді.
Владимир Эрманның мақсаты - айқын, жоспары - ауқымды. Ендігі меже - Оңтүстік Корея елінде күзде өтетін Азия ойындарынан жүлде алу.
Индира БЕГАЙДАР