«Atlasjet» әуе компаниясы арқылы шетелде демалуды жоспарлап қойған 11 мыңға жуық қазақстандық діттеген жерлеріне жете алмауы мүмкін.
Бұл туралы бүгін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Гүлнәр Құрбанбаева мәлімдеді.
Оның айтуынша, түріктің «Atlasjet» әуе компаниясы «Gulnar tour» арқылы әуе билеттерін сатып алған туристік агенттіктердің тиісті міндеттерін орындамай отыр.
Әуе компаниясы ҚР Азаматтық авиация комитетінен халықаралық әуе тасымалын жүйелі түрде жүргізуге рұқсат алған.
Алайда, қазір жолаушыларды тасымалдауды тоқтатты. Оған «Gulnar tour» компаниясының қажетті қаражатты аудармауы себеп.
Ал, заңнамаға сай, тұрақты рейске билеттер сатылған уақытта әуе компаниясы кез келген жағдайда жолаушыларды тасымалдауға міндетті.
Гүлнар Құрбанбаева, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары:
«Atlasjet» компаниясының тұрақты тасымалдау режимі бұзылды. Сондықтан, шетелде демалуды жоспарлап, қазан айына дейін турпакеттер сатып алған қазақстандық азаматтар діттеген жерлеріне жете алмауы мүмкін.
Бас прокуратура бүгінде «Gulnar tour» туроператорын тексеруге рұқсат берді. Тексеріс шамамен 10 күнге созылады.
Соңынан барлық материалдар сотқа жолданады. Қазір компания басшысымен байланысқа шығу мүмкін емес.
Айдана ҮСЕНБАЙ