Шымкенттегі «Достық-2» ауданының тұрғындары ауызсуға жарымай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкенттегі «Достық-2» ауданының тұрғындары ауызсуға жарымай отыр

15.07.2014
Шымкенттегі «Достық-2» ауданының тұрғындары ауызсуға жарымай отыр

Шымкенттіктер ауызсуға жарымай отыр. Қаланың іргесіндегі «Достық-2» шағын ауданының тұрғындары бес жылдан бері тіршілік нәрін таппай қиналуда. Төрт жыл бұрын бұл аумаққа мемлекеттік бағдарлама аясында құбырлар тартылған. Алайда, коммуналдық қызмет су беруге асығар емес.

«Достық-2» шағын ауданының ең қарт тұрғыны Фатима Фатхуллаева аптап ыстықта  су таситын көліктің жолына қараумен болады. Себебі, шілденің шіліңгір күнінде  балалары сусыз қалмаса, деп уайымдайды. Тоғыз баланы өмірге әкелген мүгедек ана қазір  немерелерімен бірге  көліктен су тасиды. Оның өзін қомақты ақшаға сатып аламыз, дейді. 

Фатима Фатхуллаева, «Достық-2»  шағын ауданының тұрғыны:

Суға зар болып отырмыз. Немере-шөберелеріммен жабылып су тасимыз. Екі жарым, үш мың теңгеге бөшкелерді толтырамыз.

Ауызсудың азабын, тек қарияның жанұясы ғана емес, алты жүзге тарта түтіні бар «Достық-2» шағын ауданының барлық тұрғындары тартып келеді. Мұндағы жұрттың  қоныстанғанына бес жылдан асса да, билік сумен қамтамасыз ету жағын қарастырмаған. Содан бері «Достықтың» халқы қысы-жазы тамыр-таныстан су тасып, күнелтіп келеміз, дейді.

Өзекті мәселе әбден жанына батқан тұрғындар бүгін жиналып, наразылық шеруіне  шықты. Бәрінің  талабы – бір. «Ауызсу берілсін!»  деген. 2010 жылы осы маңнан су құбырлары тартылған. Бірақ, олар іске аспай жатып, шашылып  жатыр, дейді жұртшылық.   Мұңын айтып биліктен көмек сұрағанымен де нәтиже шықпаған.

Тотықыз Аралбаева, «Достық-2» шағын ауданының  тұрғыны:

Бардық Асқаровтың алдына. Хат  жаздық. Одан кейін жауап жоқ. Халықты алдап отыр.

Ал шаһар басшылары болса,  жағдайдан хабардар. Айтуларынша, төрт жыл бұрын  құбыр тартылғанымен, су көзі болмаған. Соның салдарынан жұрт судан сусап отыр. Енді «Қайтпас-2» мөлтекауданы мен «Достық» шағын ауданына су тарту мәселесі қаралуда екен.

Бейсенбек Жанбосынов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:

Бұл жобалық сметалық құжатттар биыл қыркүйек айына дейін бітеді деп күтудеміз. Яғни құрылысы жүрген кездерден кейін бұл «Достық-2» мөлтек ауданына су беру мәселесі шешімін табады. 

Айнұр Ақбаева, тілші: 

Әкімдіктегілер әзірге шағын ауданға  сол маңдағы мөлтек ауданнан уақытша су беру жағын қарастырып жатырмыз, дейді. Бірақ, оның нақты жүзеге асатыны белгісіз. Сондықтан, «Достықтың» халқына шілденің күнінде шыдамдылық танытудан басқа амал қалмай тұр. 

Айнұр АҚБАЕВА

Хабарламаларға жазылу