ОҚО-да жұмысшылар жалақысын ала алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ОҚО-да жұмысшылар жалақысын ала алмай жүр

15.07.2014
ОҚО-да жұмысшылар жалақысын ала алмай жүр

Оңтүстік Қазақстан облысында жұмысшылар жалақыларын айлап ала алмай жүр. Бұл туралы өңірдің еңбек инспекторлары мәлімдеді. Жыл басынан бері кәсіпкерлердің еңбеккерлер алдындағы қарызы 68 миллион теңге болған.

Соның басым көпшілігі сотпен өндіріліпті. Алайда, 18 миллион теңге берешегі бар 12 компания иелерінің бұл қарыздарын төлейтін сыңайлары жоқ. Олардың қатарында Мақтаарал ауданы, Кентау мен Шымкент қалаларының кәсіпкерлері бар.

Бір ғана Кентаулық кәсіпорындардың қарызы 4 миллион теңгеден асады. Бүгінде еңбек инспекторлары барлық борышкерлердің ісін экономикалық сотқа жолдады.

Сондай-ақ, аталған аудан және қала әкімдерінің орынбасарларына тағы бір апта көлемінде уақыт берілді. Қайтарылуы тиіс қаржы белгіленген уақытта төленбесе, әкімнің орынбасарларына қатаң шара қолданылады. 

Бастар Есқараев, облыстың бас еңбек инспекторы: 

Жалақы қарызы бойынша жазаны қатайту керек. Бұл өте өзекті мәселе. Кейбір кәсіпкерлер мемлекеттік тендерді жеңіп, миллиардтап ақшаны алып, жалақыны бермей отыр. Солардың жолын кесу үшін заңға түзету енгізу керек.

Айнұр АҚБАЕВА

 

Хабарламаларға жазылу