Шымкентте 8 баланың анасы жалған хабарлама таратқаны үшін жазаға тартылды.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жұмада белгісіз әйел «қаладағы сауда ойын-сауық орталығының 2-ші қабатына жарылғыш зат қойылды», деп полицияға хабар берген болатын.
Осыдан кейін оқиға орнына құқық қорғаушылар мен жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметі жетті.
Орталық қызметкерлері мен қонақтары, барлығы 700 адам ғимараттан шығарылды. Алайда, тексеру нәтижесінде ешбір жарылғыш зат табылмады.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 46 жастағы келіншек ұсталды. Қасақана сауда орталығының қасынан қоңырау соққан ол соңынан істеген ісінің жауапкершілігінен қорқып, телефонын қоқысқа тастай салған.
Ұсталған сезікті бұған дейін де Қызылорда облысында «банкке жарылғыш зат қойылды», деген жалған ақпарат таратқаны үшін шартты түрде сотталған болып шықты.
Күдікті:
Банкке жұмыстарыммен үш күн бардым. Сөйтсем, қыздар өзінше менсінбей отырады. Сосын осылай жасадым.
Салтанат Қаракөзова, ОҚО ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:
Көпбалалы ана екені ескеріліп, оған ешқайда кетпеу туралы тілхат алынды. Қазіргі таңда бұл факті бойынша ҚР ҚК-нің 242-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Айнұр АҚБАЕВА