Ақтөбедегі қоғамдық көлікте кикілжің көбейді. Кондукторлардың бірі жолаушыны балағаттап, енді бірі итеріп құлатса, тағы біреуі қол жұмсап, айыппұл төледі. Жолақысын сұрағаны үшін жолаушының тепкісінің астында қалған кондукторлар да бар.
Кондукторларға жеңілдікпен жүретін зейнеткерлер мен мүгедектер өкпелі. Жүру ақысын төлемегендіктен үлкендер жолаушы ретінде сый көрмейді. «Аз ғана ақша адамдар арасына сына қағып, әдептен айырды»,-дейді Қонысбай аға.
Қонысбай Закиев, қала тұрғыны:
Зейнеткер деген өмір бойы еңбектенген адам емес па? Ал, олар кей уақытта оны алмауға тырысады. Бұл қалай? Я болмаса кішкентай бала аяз күндері далада тұрады. Оны тиыны болмаса да алуға болады ғой. Балаларды деген итеріп тастайды, мәдениет болу керек қой.
Кондуктордың дөрекілігіне шағым көбейді. «№8-ші бағыттағы автобуста балалы әйелге сес көрсетіп, жолдан түсіріп кетпекші болды»,- деп қала тұрғындарының бірі басылымға өкпесін жазды. Мекемеге арызданбады. Өйткені, нәтижесіз. Кәсіпорын бұл жайдан соң қызметкерлерін тәртіптік жиынға салды.
Ғизат Алдияров, Ақтөбе қаласы жолаушылар автокөлігі кәсіпорнының бас инженері:
Екеуінен де түсініктеме алдық. Олар басқаша айтады. Ескерту бердік, халықпен қалай жұмыс істеу керек туралы нұсқаулық бердік.
Жүргізуші мен кондуктордың үстінен күніне 4-5 шағым түседі. Оның ішінде негізсіз арыздар да бар. Тұрғындардың наразылығын азайту үшін «Автопарк» серіктестігі кондукторларды штаттық кестеге сай жұмысқа қабылдап, талапты күшейтуді қолға алды.
Айбек Сәрсенғалиев, «Автопарк» ЖШС бөлім басшысы: Кондуктордың этикасы мен мінезі, жұмыс барысында қалай өз-өзін ұстау керек туралы нұсқаулықтарды осындай жиналыс, сабақтарымызда айтамыз. Осының бәрі этиканы көтеру мақсатында жасалып отыр.
Ақтөбе қаласында күніне түрлі сыйымдылықтағы 400-ден аса автобус жолаушы тасиды. Осынша кондуктор 15 сағат тік тұрып, мыңдаған адамға қызмет көрсетеді. Енді, оларға талап күшеймек. Жолаушыларға қарсы тіл қатпай, қызмет ету. Осылай жолаушы таситын мекемелер қоғамдық көліктегі мәдениетсіздікті жоймақ.
Әлия ТАЛАСОВА