Екібастұз - нағыз еңбек адамдарының мекені. Мұнда көмір мен мыс, күміс пен алтын қоры ел игілігіне жаратылып жатыр. Бұдан басқа елімізге қажетті электр қуатының 50 пайызға жуығы осы аймақта өндіріледі.
Қазір мұнда жаңа кәсіпорындар көптеп бой көтеруде. Олар енді шикізат қорын өндірумен емес, дайын өнімдер шығарумен айналысады. Солардың бірі - вагон жасау зауыты. Кәсіпорынның дамуына Мадияровтар отбасы да өзіндік үлес қосып келеді.
Вагон құрастырудың ең күрделі тұсы жылжытқыш құрамды бекіту. Бұл көбінесе Мадияровтарға жүктелетін жұмыс. Әкесі де, баласы да дәнекерлеу ісінің шеберлері. Көрші деподан келетін дайын құралдарды да осы отбасының мүшелері жасап жібереді.
Әділет Мадияров, дәнекерлеуші:
Мен ұлыммен бірге істеймін осында. Тағы бір ұлым мен келінім басқа депода істейді. Үйде бәріміздің сөзіміз осы жұмысымыз. Вагонды жинағанда бәріміз қуанып тұрамыз.
Әділет Мадияров осындағы 600-ге тарта еңбекшілердің ақылшысы деп айтуға болады. Өйткені, зауытта жұмыс тәжірибесі одан бай адам жоқ.
Жәнібек Шәріпов, вагон құрастыру цехының шебері:
Біздің жұмыскерлеріміздің 70 пайызы жастар. Техникум бітіргендері бар, университет бітіргендері де бар.
Дерекке қарағанда теміржол саласына қажетті отандық өнімнің үлес салмағы 30 пайыздан аспайды екен. Екібастұздағы зауыт күніне төрт вагон шығарады.
Қанат Битағаев, жылжымалы құрам жөндеушісі:
Еуразиялық экономикалық одақ бойынша, үш елмен шарт жасалды. Жұмыс алға басады деп сенеміз.
Екі жыл ішінде кәсіпорын 3,5 мыңға жуық вагонды жасап шығарды. Олардың біразын шет мемлекеттер сатып алған. Биылдан бастап 2017 жылға дейін өндірісті ұлғайтудың жаңа жобасы дайындалып жатыр. Еңбекпен шыңдалған Мадияровтар отбасы да оны іске асыруға үлес қосады.
Болат АМАНБАЕВ