Тәртіптік жаза күшейтілмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәртіптік жаза күшейтілмек

10.07.2014
Тәртіптік жаза күшейтілмек

Елбасы Астананы жаңғырту жөніндегі кеңес барысында ұсақ құқықбұзушылық үшін жазаны күшейтуді талап еткен болатын.

Бұл ретте сала мамандары бірталай жұмыс атқарғанымен, қалада ұсақ құқық бұзу фактілері азаяр емес.

Бұрын тәртіп бұзған азаматтар айыппұл төлеумен шектелсе, енді қамауға алынуда.

Дәурен Шүкебаев қоғамдық орында тәртіп бұзуды әдетке айналдырған. Осы жолы бір емес, екінші рет жауапқа тартылып жатыр.

Бүгін тіпті  бір күнге қамауға алынды. Көшеде темекі тұқылын тастау әбестік емес, деп санайды.

Дәурен Шүкебаев, Астана қаласының тұрғыны:

Айыппұл болса төлеймін. Бүгін жоспарларым бар еді, қаланың сыртына кетуім керек. Бір-ақ күн ғой, бүгін қамайды, ертең шығарады.

Жалпы, Астана қаласы бойынша жыл басынан бері осындай 2,5 мыңнан астам әкімшілік іс сотқа жіберілді. 400 азамат 1 тәуліктен 10 тәулікке дейін қамауға алынса, 2 мыңнан астамына айыппұл салынған.

Түрлі түсіндіру жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Десе де, құқықбұзушылықтың саны азаяр емес.

Қанат Иманалиев, Астана қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы:

Осындай құқық бұзған азаматтарға салынатын айыппұл көлемі 5556 теңгеден 18520 теңгеге дейін барады. Ең көп қоғамдық тәртіпті бұзатындар  - Астанаға өзге өңірлерден келетін тұрғындар.

Мамандар әсіресе, жасөспірімдер арасында осындай фактілер жиі кездесетінін айтады. Енді екі немесе одан да көп құқық бұзған азаматтарды 15 тәулікке дейін бас бостандығынан айыру қарастырылуда.

 Нәтижесінде, Дәурен Шүкебаев сынды тұрғындардың саны азаяр деп үміттенеді жазаны қатаңдатуды қолға алған мамандар.

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу