Республика бойынша еңбекке жарамды 400 мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі жан болса, соның 5 мыңға жуығы - Алматыда.
Қазір шаһарда 300-ден аса мүмкіндігі шектеулі жан жұмыс істеп, ел экономикасын дамытуға үлес қосуда.
Көмекке мұқтаж жандардың әл-ауқатын арттыру үшін Үкімет тарапынан жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.
Бүгін соның бірсыпырасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Тамара Дүйсенованың қатысуымен өткен келелі кеңесте айтылды.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық орындарда жүріп-тұруына қаншалықты жағдай жасалған, олардың мұқтаждығы ескерілген бе?
Аталған мәселеге көз жеткізу үшін Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Алмалы сауда орталығына арнайы келді.
Қазақстан мүгедектері одағының төрағасы Әли Аманбаевпен бірге мүгедектерге ұсынылатын қызметтің сапасымен танысты.
Талаптар жаңа ғимаратта ескерілгенімен, кембағал жандар ескі нысандарға кіре алмай тосылады.
Әли Аманбаев, Қазақстан Мүгедектері одағының төрағасы:
Кейбір ғимараттарда пандусты формалды түрде жасай салған. Көзі көрмейтін адамдарға арнаулы ақпараттық тақтайшалар бар, соны жасау керек. Лифт көтергіштер қажет.
Қолжетімділікті арттыру үшін қазір жергілікті билік қаладағы 11 нысанды қайта жарақтап жатыр. Шаһар бойынша мүгедектерді тасымалдайтын 29 инватаксидің санын көбейту де қарастырылған.
Биыл 414 адам жұмыс істеуге ниет білдірген. Бірақ, оларды жұмысқа тартуда кедергілер көп.
Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi:
Азаматтардың денсаулығына байланысты бәрін жұмысқа тарта алмаймыз. Екіншіден, жұмысқа қатыса алатын азаматтардың көбінің мамандығы жоқ. Ал, мамандық болуы үшін біз оны мектеп жасынан бастап дұрыс оқытуымыз керек. Содан кейін барып, 18 жастан асқан азаматтарды жұмысқа тарту мәселесін қараймыз.
Алматыда кембағал балаларға арналған 8 арнайы мектеп бар. Онда 20 мыңға жуық балғын білім алады.
Оларға әлеуметтік қызметкерлердің көмегі ауадай қажет. Бұл бағытта арнайы әлеуметтік институт қалыптасуда. Мұнда қызметкерлер қайта даярлаудан өтіп, дәрежесін көтереді.
Мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамға бейімдеп, еңбекке тартуда атқарылуы тиіс шаруалар өзгертулер енгізіліп жатқан 6 Кодекс пен 24 Заңда егжей-тегжейлі көрсетілген.
Айгүл ЕРМАХАН