Павлодар машина жасау зауыты өндіріс қарқындылығын арттырды. Бұл - қазақстандық өнімге деген экспорттық сұраныстың артуына байланысты қол жеткен игілік.
Осының арқасында іргелі ұжым еліміз бойынша өнім экспорттаушы 30 кәсіпорынның арасынан орын алды. Ал, жақында германиялық компания тарапынан конвейер тұғырларын жасауға тапсырыс алып, екіжақты келісімшарт жасалды.
Павлодар машина жасау зауытында жүк көтергіш жабдықтар шығарылады. Оның ішінде кранның екі түрі бар. Салмақ көтеру мүмкіндіктері 30 тоннадан 140 тоннаға дейін. Аса ауыр жүк көтеретін крандарға негізгі тапсырыс беруші Ресей Федерациясы.
Евгений Киряков, кәсіпорынның бөлім басшысы:
Көбіне ірі мұнай компаниялары сатып алады. Олардың арасында Ресейдегі «КАЭЙ БИ-ПИ» компаниясы, «Газпром», «Норильский никель» зауыты сынды озық кәсіпорындар бар.
Өнім сапалы болуы үшін зауыт жабдықтары түгелдей модернизациядан өткізілді. «Өнімділік-2020» мемлекеттік бағдарламасы арқасында темір жонатын заманауи станоктар сатып алынды. Өйткені, аса ауыр салмаққа төтеп беретін металл ыстықта балқымайтын, суықта морт сынбайтындай өте сапалы болуы керек.
Валерий Попов, құрастыру-технологиялық бөлімінің басшысы:
Балтық өндірістік компаниясы арқылы мамандар шақыртып, қондырғыларды орнаттық. Мұндай станокта жұмыс істейтін адамдар Ресейде тәжірибеден өтті. Жұмысшыларымызды Санкт-Петербургтың оқу орталығына қысқа мерзімдік курстарға жібердік
Кәсіпорында шығарылатын өнімдердің 30 пайызы экспортталады. Алдағы уақытта Еуропа нарығына да жол ашылады деген жоспар бар.
Леонид Белогривый, кәсіпорын директоры:
Жақында ғана өте маңызды келісімшарт жасалды. Келісімге қол қойған немістің конвейрлерге арналған тұғырлар жасайтын ірі компаниясы. «ТенгизШевройл» компаниясы да біріккен жобаларды іске асыруды ұсынып отыр.
Себебі, соңғы 5 жылда кәсіпорындағы еңбек өнімділігі үш есеге артқан. Бұл қай елдің болмасын өндірістік саласында өте сирек кездесетін нәтиже. Мемлекеттік бағдарламалардың маңыздылығын осыдан-ақ білуге болады.
Болат АМАНБАЕВ