Кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау зор - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау зор

07.07.2014
Кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау зор

Қарағандыға іргелес жатқан Шахтинск қаласының тұрғыны Елена Братухина мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алып, мектепке дейінгі даярлық орталығын ашты. Іскер әйелдің кәсіп ашсам деген арманы шағын қалаларды дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асқан.

Қазір бизнеске бет бұрған ынталы азаматтарға мемлекеттен қолдау зор. Елбасы да әр Жолдауында өңірлерді дамытуға басымдық беріп келеді. Себебі, Қазақстанның баянды болашағы – аймақтардың қуаттылығымен астасып жатыр.

Елена Братухинаның негізгі мамандығы – журналист. Әріптесіміз 10 жылдай жергілікті басылымдарда жемісті еңбек еткен. Кейін Шахтинск қаласына көшкен соң жеке кәсібін ашуды жөн санапты.

Сөйтіп, шағын қалаларды дамыту бағдарламасы бойынша мемлекеттен грант есебінде 3 миллион теңге қайтарымсыз қаржы алып, балалар орталығын ашқан. Қарамағында 8 адам жұмыс істейді. «Қазір еңбек етемін десең, еш кедергі жоқ. Елбасы бизнеске енді бет бұрған жас кәсіпкерлерге үнемі қамқорлық танытып келеді», - дейді іскер әйел.

Елена Братухина, балалардың бос уақытын тиімді өткізу және дамыту орталығының директоры:

Қазіргі күні кәсібін енді бастаған бизнесмендерге мемлекет тарапынан барынша қолдау жасалып келеді. Қаржыландырудың түрлі тетіктері бар. Тек халыққа пайдасы тиетін кәсіптің көзін тапсаң болғаны. Мәселен, «Балалардың бос уақытын тиімді өткізу және дамыту орталығы» қаламызда алғаш рет ашылып отыр. Келушілер өте көп.

Балалар орталығының ашылғанына аз болса да, қалада өтетін барлық қоғамдық шараларға белсене қатысады. Мерекелерді балалар ата-аналарымен бірге кең көлемде атап өтеді. Қазіргі күні орталыққа 5 жасқа дейінгі 30-дан астам сәби тұрақты келеді. Білікті ұстаздар оларға жан-жақты білім мен тәрбие береді.

Елена Топилина, Шахтинск қаласының тұрғыны:

Шахтинск қаласында балаларды мектепке дайындайтын мұндай орталық бұрын-соңды болған емес. Мәселен, мен үлкен баламды ешқайда бере алмадым. Ал 50 шақырым қашықтықта жатқан Қарағандыға күн сайын апарып-келу мүмкін емес. Сондықтан, бұл орталықтың ашылуы қала тұрғындарына үлкен қуаныш болды.

Елена түзде іскер әйел, үйде екі баланың анасы. Өз сәбилерінің тәрбиесіне де барынша көңіл бөледі. Кәсіпкер ана бүлдіршіндерінің болашағы жарқын болатынына сенеді. Себебі, «Тәуелсіз елімізде тыныштық пен тұрақтылық салтанат құрған.  Бейбітшілік бар жерде қашан да береке болады»,- дейді ол.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу