Астана құрдастарынан елінің күтері мол - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана құрдастарынан елінің күтері мол

06.07.2014
Астана құрдастарынан елінің күтері мол

Елімізде Астанамен түйдей құрдас 700-ге жуық бала бар. Олар дәл бүгін он алтыға толды.  Ат жалын тартып мінер азаматқа айналды. Араларында түрлі салада үздік танылып жүргендері де бар. 

Дария Сағындықованың туған күнін қазір  тұтас ел тойлайтын болды. Ерекше күнде дүниеге келгенін қыздың  қатарластарынан ерекшелеп тұрар қасиеті де көп. Қазір Павлодардағы Назарбаев зияткерлік мектебінде білім алып жүр.

Жеткен жетістіктері аз емес. Бірінші сыныптан бастап сабағын беске оқиды. Спортқа жаны жақын, сурет салудын шебері. Жақында арнайы жолдамамен Сингапурге барып, білімін шыңдап қайтты. Жазғы демалысында Астана қаласының дамуы туралы ғылыми жоба жазуға әзірленіп жүр. 

Дария Сағындықова, Астананың құрдасы:

Ата-анам үнемі айтып отырады:«Астананың құрдасы болғандықтан, саған артылар жауапкершілік көп» деп. Мен өзім мұны мақтаныш етемін. Сабағым жақсы. Назарбаев мектебін бітірген соң Назарбаев университетіне түскім келеді. Болашақта Елордамызда тұрып, бас қаланың дамуына өзімнің үлесімді қосамын.

Көкшетаулық Мұхамед Тоқтаров та Астанамен түйдей құрдас. Көкшетаудағы қазақ-түрік лицейінің 10-сыныбын тәмамдады. Спортпен  шұғылданғанды ұнатады. Қазір триатлон мектебіне барып, шынығып жүр. Спорттан өзге орыс, ағылшын және түрік  тілдерін жетік меңгерген.

Мұхамед Тоқтаров, Астананың  құрдасы:

Болашақта Астанаға барып оқығым келеді. Өйткені, Астана жастарға үлкен  мүмкіндік береді. Астанаға барып мықты бір хирург болғым келеді. Өмірімді Астанада өткізгім келеді.

Жамбыл облысы Жайылма ауылында тұратын Әліби Сағындықовтың да арманы - дәрігер болу. Әліби де елорда күнінде дүниеге келді. Астанамен бірге тәй-тәй басты. Астанамен бірге еңсе тіктеді. Астанамен бірге есейді. Қазір қатар құрбысының алды.  

Әліби Сағындықов, Астананың құрдасы:

Бүгінде Астана қаласы Қазақстанды бүкіл әлемге танытып отыр. Астанада 2017 жылы ЕХРО өтеді. Сол арқылы Астана көркейіп, жан-жақты дамып келеді. Сол сияқты мен де ізденіп, Қазақстанды бүкіл әлемге танытамын.

Астананың тағы бір төл құрдасы Ақтау қаласында тұрады. Нартай Бақытжанның ата-анасы әскерилер. Ол да әке жолын қуып, елордадағы әскери училищеде білім алуды армандайды. Тағдырын Астанамен байланыстырғысы келеді.

Нартай Бақытжан, Астананың құрдасы:

Астананың құрдасы болғаныма мақтанамын. Мен Астананың көркеюін тілеймін. 16 жылдық мерекесімен құттықтаймын. Астанамыз көркейіп, дами берсін. 

Қазір республика бойынша Астана күнінде дүниеге келген  55 мың 737 адам бар. Олардың 26 мың 417-сі ер адам, 26 мың 320-сы әйел адам.

Ал, 1998 жылы яғни, елорда Алматыдан Ақмолаға қоныс аударған жылы дәл осы 6-шілдеде 668 бала дүние есігін ашыпты. Оның  352-сі ұл, 316-сы қыз бала.

Қазір бәрі де бір-бір үйдің мақтанышы. Сабақ үлгерімдері ешкімнен кем емес. Елорда құрдастарынан елінің де күтері мол.

 

Шынар АСАНҚЫЗЫ

 

Хабарламаларға жазылу