Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Бәйтерек ауылында сағатына 200 тонна асфальт өнімін шығаратын зауыт іске қосылды. 625 миллион теңге қаржы жұмсалған зауыттың құрылысы мамыр айында басталған. Бүгінде құрылыс жұмыстарын аяқтап, өнім шығаруға кірісті. «AMMAN Just black Quick» фирмасы шығарған германиялық заманауи зауыт өндірісімен тілшіміз танысып қайтты.
«Алматы жол-құрылыс компаниясы» ЖШС қиыршық тас өңдеп, асфальт-бетон өндірумен айналысады. Ісі алға басқан компания Қазақстан Даму Банкі қаржысын қажетіне жаратып, соны үлгідегі үшінші зауыттың тұсауын кесті. Экологиялық зияны аз асфальт илейтін қондырғы Орталық Азия елдері ішінде тұңғыш рет елімізде іске қосылып отыр. Тас пен құмды араластыру, бетонды қалыптау қызметін өзі атқаратын автоматты қондырғы ыстық асфальтты шығынсыз дайындайды.
Юнус Гагиев, «Қамқор холдинг» компаниялар тобының президенті:
2001 жылдан бері асфальт өндірісімен айналысып келеміз. Бірінші зауыт сағатына 120 тонна, екіншісі 160 тонна өнім беретін. Ал, мына шағын ғана аумақты алып тұрған қондырғы сағатына 200 тонна асфальт шығара алады. Жол жөндеу, асфальт төсеу мерзімі өте қысқа, ары кетсе 7-8 айға созылады. Сондықтан, сапалы жолдардың құрылысы тоқтамас үшін үздіксіз қызмет етуге үлкен мүмкіндік береді.
Жоғары технологиямен, компьютермен жабдықталған зауыттың операторы Ерлан Тоқтарбекұлы ілгеріде Алматыға қатынап, нәпақа табатын. Алыстан арбаламай, жақыннан дорбалайтын тиімді жұмыс үйінің іргесінен табылды. Жаңа қондырғының монтаждау жұмыстарына да өзі атсалысты. Енді аядай бөлменің ішінде отырып, термокөрсеткіштер арқылы компьютерлік жүйені бақылап отырады.
Ерлан Рсақов, «Алматы жол-құрылыс компаниясы» ЖШС операторы:
Зауыт жаңадан шыққан технологиямен салынған. Бәрі компьютер, ешқандай механикалық еңбек жоқ. Мен бір операторлықта отырып, қай жерде не бар екенін, яғни бар процессті көріп отырамын. Бір кемшіліктер шығып тұрса көрсетеді. Сол жерге барып, жойып отырамыз.
1 гектар жерге қондырғыдан бөлек, 1000 тонналық минералды ұнтақ қоймасы мен битум қоймасы сыйып тұр. Алматы қаласының іргесінде орналасқан зауыт 150 шақырымдай қашықтықтағы құрылысқа ыстық асфальт жеткізіп тұрады. Енді мұнда ауысым бойынша 20 адам тұрақты жұмыс істейді.
Дәурен ДАРИЯБЕК