«Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы отандық тауар өндірушілердің тынысын кеңейтті. Өз шикізатымызды өзіміз өндіріп, өнімдеріміз «Қазақстанда жасалған» деген белгімен шыға бастады.
Яғни, ұлттық бренд қалыптасты. Астанада өткен қазақстандық қамту мәселелері жөніндегі форум-көрмеде еліміздің әр аймағынан келген отандық тауар өндірушілер бас қосты.
Қарағандылық кәсіпкер Қадиша Тілеуханованы ұлттық дастархан мәзірінің һас шебері десе болады. Сиыр сүтінен ғана құрт-ірімшіктің 20-дан астам түрін жасап алып келді.
Кәсіпті биыл ғана бастаса да айына 30 тонна сүт өндіреді. Кәсіпкер ресми басқосулардағы фуршеттің ұлттық үлгісін ұсынып отыр. Сондай-ақ, ірімшіктен де мәмпәси жасауға болатынын айтады.
Қадиша Тілеуханова, кәсіпкер:
Көбірек қайнатсақ, қатып шоколад болады. Азырақ қайнатсақ, ирис кәмпиттері шығады. Бірақ, ешқандай қоспасы жоқ өте таза дүние. Фуршетті ұлттық тұрғыда жасасақ, әрі таза, әрі тойымды әрі әдемі.
«Ұлттық бренд-2014» форум-көрмесінің басты мақсаты - отандық тауар өндірушілерді бір-біріне жақындату, елге танымал ету. 2010-2013 жылдар аралығында қазақстандық қамтасыз ету 48 пайыздан 63 пайызға өсті. 2012 жылдан бері тапсырыс беруші мен өндірушілер арасында 100 миллиард теңгенің келісімшарттары жасалды.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
«Ұлттық бренд-2014» көрмесі автошерумен жалғасты. Бұл шеруге Қазақстанда құрастырылған 20-ға жуық арнайы техника қатысып отыр. Ал шеру елордамыз Астананың күніне арналды.
Өрт сөндіргіштер, автокрандар және басқа да ауыр жүк көліктері 6 шілдеде Алматыға жетеді.
Нұртай Байболатұлы, көлік жүргізуші:
Қазақстанда шығарылған машиналар тартылуы жақсы. Міне жолға шығамыз Астанадан Алматыға. Көреміз енді. Жол көрсетеді бәрін.
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ