Еліміздің өсіп-өркендеуінің, дамуының локомотивіне айналған Есіл жағасындағы ерке қала Астанаға жолданған ақжолтай тілектер толастар емес. Солардың бір парасын назарларыңызға ұсынамыз.
Эдуард Креймер, «KSP STEEL» ЖШС-ның бас директоры:
Астана қаласының дәуірлеуі негізі еңбек пен тәртіптің арқасы. Бұл ретте біз Президентіміздің еңбек жолы металлургия саласынан басталғанын мақтан етеміз. Құрыштай шыныққан адам ғана осындай мемлекет тұрғыза алады. Саяси сахнада Астана қаласы ерекше ілтипатқа ие. Әсем қаламызда әлеуметтік, мәдени, экономикалық салалардың жандануына үлес қосатынымызды металлургтер атынан ерекше айтқым келеді. Өйткені, біз Президент сенімін ақтаймыз. Ел ертеңі үшін металлургиялық саланы дамытамыз.
Геннадий Зенченко, Қазақстанның Еңбек Ері:
Қазақстанның аумағында мұндай қала тұрғызуға болады дегені ол кездері ешкімнің ойына да келген емес. Елбасымызбен бірге Америкада, Канадада, Араб әмірліктерінде болдық, сол кезде олардың ғимараттарына қарап мұны қалай істеді екен деп таңғалған едім.
Бірақ осы қысқа уақыттың ішінде олардағыдай әсем қала бізде де пайда болды. Бәрі де әдемі, талғаммен жасалған. Бұл - біздің Президентіміздің еңбегі. Оның төл баласы, деп айтар едім.
Мейірхан Ақдәулетұлы, «Шамшырақ-Ақтөбе» серіктестігінің директоры, ақын-публицист:
Мен үшін Астана күні деген қайрат пен жігердің күні. Қазақты рухтандыратын күн. Бұл - ұлттық мереке. Ұлттық Астанамыз мәңгілік өмір сүрсін. Бізден кейінгі ұрпақтарға қазіргіден де салтанатты, қазіргіден де жасампаз күйде жетсін деген ойға жетелейді. Мереке құтты болсын!
Сағындық СӘБИТҰЛЫ