Тамақ өндірушілер форумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тамақ өндірушілер форумы өтті

03.07.2014
Тамақ өндірушілер форумы өтті

Экономикалық серіктестік пен дамыту ұйымының болжамынша, биыл елдегі тамақ өнімінің сатылу көлемі 24,5 миллиард АҚШ доллары шамасында болмақ. Яғни, 2011 жылмен салыстырғанда сатылым 2 есеге ұлғаймақ.  Бұл туралы бүгін Алматыда өткен Еуразия тамақ өндірушілерінің форумында айтылды.

Ресей, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан және еліміздің кәсіпкерлері мен өнімді таратушы компаниялар бас қосып, өнімдерін көрсетті. Өзара сауда-саттық шарттарын талқылап, тауар айналым мәселелерін ортаға салды.

Тамақ өнеркәсібі – экономикасының негізгі секторларының бірі. Әрі ұлттық қауіпсіздіктің маңызды тармағы. Осы орайда соңғы жылдары мемлекет тарапынан тамақ өнеркәсімен айналысатын шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсетілуде.

Жақында Ұлттық қордан 1 триллион теңге қаражат бөлінген. Оның 25 миллиард теңгесі тамақ өнеркәсібін дамытуға бағытталды. Бүгінде бұл қаржы екінші деңгейлі банктер арқылы кәсіпкерлерге 6 пайыздық көрсеткішпен 10 жылға несиеге берілуде.

Ғабит Лесбеков, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының» басқарушы директоры:

119 жоба қазір қаражат алды. Сол 119 жобаның 40 жобасы тамақ өнеркәсібіне тиесілі. Мұнымен тоқтап қалмайды. Қыркүйек айына дейін бұл банктер толыққанды қаражатты игеріп, тамақ өнеркәсібіндегі барлық кәсіпкерлер осы қаражатқа қол жеткізеді. Өзінің бизнесін әріқарай дамытып, ҚР-дағы тамақ өнеркәсібіндегі шағын және орта бизнестің дамуына өз үлесін қосады, деп ойлаймыз.

Сауда мұраты –сату ғана емес, ұту. Осы қағиданы берік ұстанған өзбек ағайындар бұл жиын кез келген кәсіпкер үшін сәтті бастама дейді. Біріншіден - Кедендік одақ кәсіпкерлерімен кездесу мүмкіндігін берсе, екінші - серіктес тауып, кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтуге болады дейді.

Фурхат Нуримов, кәсіпкер /Өзбекстан/:

50 түрден астам тауар бар. Біздің тауарларымыз Өзбекстанның барлық жеріне тарайды. Бұдан тысқары Әзірбайжан, Тәжікстан, Ауғанстан, Қазақстан базарларына шығу.

Бастысы ел кәсіпкерлерінің ісін ілгерілетуді мақсат еткен бұл жиын, өзге ел өндірушілеріне де тың серпін берді. Форум аясында өзара сауда ынтымақтастығы сөз болып, келіссөздер жүргізілді. 

 

Жазира ИСАЕВА

Хабарламаларға жазылу