Маңғыстау облысының оқушылары жазғы демалысын Каспий теңізінің жағасында өткізіп жатыр.
Сауықтыру лагерлеріне орналасқан балалар көк айдында жүзіп, түрлі спорттық және интелектуалдық ойындарға қатысуда.
Жазғы маусым аяқталғанша, мұнда тұрмысы төмен отбасылардың 12 мыңдай ұл-қызы тынығып демалатын болады.
«Фламинго» деп аталатын бұл лагердің 30 жылға жуық тарихы бар. Балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру жағынан облыстағы көш бастаушылардың бірі.
Лагерь Каспий теңізінің жағасына қоныстанған. Осында 14 күн бойы оқушылар теңізге шомылып, құмға қыздырынады, спорттық және интелектуалдық ойындарға қатысады. Концерттік бағдарламалар ұйымдастырып өнерлерін ортаға салады. Қазір мұнда 200 бала демалып жатыр.
Нұрадин Райымбек, демалушы:
Мен бұл демалыс орнына 3 рет келдім. Мұнда көп дос таптым, жақсы демалып сабаққа баратын болдым. Маған бұл жер ұнайды.
Балалардың демалысын тиімді өткізуі үшін 40-қа жуық маман арнайы жоспар бойынша жұмыс істейді. 5 мезгіл тамақ дайындайтын аспаздар өз алдына. Жазғы маусым аяқталғанша, мұнда барлығы 1500 бала тынығатын болады.
Жанболат Ибадуллаев, «Фламинго» лагерінің директоры:
Көбінесе аз қамтылған отбасының балалары келеді. Балалар үйінен келеді. Суда құтқарушыларымыз 14 күнде 3 рет келіп, балаларға ойын есебінде жаттығулар көрсетіп жатыр.
Облыста теңізді жағалай орналасқан тағы 5 сауықтыру орны, 70 мектеп жанынан ашылған лагерь мен дарынды балаларға арналған тынығу орталығы жұмыс істеп тұр.
Айжақсы Тұржанова, облыстық Білім басқармасының бөлім басшысы:
Сауықтыру орындарына бірінші кезекте аз қамтылған отбасылардың балалары, ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар, көпбалалы отбасылардың балалары тартылады. Облыста осындай санатқа жататын 12 мыңға жуық бала бар.
Жуырда 40 бала Италияға демалуға аттанады. Сондай-ақ, маңғыстаулық оқушылардың келесі бір легі жазғы демалысын Алматы мен Көкшетаудың көрікті жерлерінде өткізетін болады.
Жазира ӘБІЛ