Басты Жаңалықтар Ақтөбе облысындағы сыбайлас жемқорлық мәселесі Ақордада қаралды

Ақтөбе облысындағы сыбайлас жемқорлық мәселесі Ақордада қаралды

Ақтөбе облысындағы сыбайлас жемқорлық мәселесі Ақордада қаралды

Бүгін білім беру жүйесі мен Ақтөбе облысындағы сыбайлас- жемқорлық мәселесі жоғары деңгейде, яғни, Мемлекеттік хатшының қатысуымен  Ақордада қаралды.

Президент жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі комиссияның отырысында аталған облыс пен министрлікте қаржылық қылмыстар азаймай тұрғаны айтылды.

Білім беру саласы - бөлінген  қаржыны игеруде былығы ең көп салалардың бірі. Мысалы,  былтыр салаға 1,2 триллион теңге, биыл 1,5 триллион теңге бөлінген.

 Мемлекеттік хатшы министрлікке қарасты Ішкі бақылау департаментінің жұмысын сынға алды.

Бұл депаратамент соңғы екі жылда құқық қорғау органдарына бірде-бір іс тапсырмаған. Есесіне, Қаржы полициясы білім саласында былтыр 221 қылмыстық іс тіркесе, биыл бастапқы бес айда 125 қылмыс тіркеген.

Әсіресе, орта блім беру мен мемлекеттік балабақша кезегіне тұруда былық көп. Министр мәселенің бұлайша өрбуінің себептерін атады.

Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі:

Бүгінде ұстаздардың орташа жалақысы – 75 500 теңге. Бұл сәуірде 10 пайызға өскенді қоса алғанда. Яғни, республикадағы орташа жалақыдан 30 пайызға кем. Балабақша кезегінде де түйіткілдер бар. Біз қазір кезекке қоюдың жаңа ережесін дайындап жатырмыз. Жыл соңына дейін аяқтап, оны барлық облыстарға таратамыз.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе - Ақтөбе облысындағы қаржылық қылмыстар, сыбайлас-жемқорлық мәселесі.

Баяндама жасаған Қаржы полициясы агенттігі төрағасының орынасары Андрей Лукин әкім келтірген сандар шындыққа жанаспайтындығын айтып, Бас прокуратура мен Қаржы полициясының  деректерін келтірді.

2012 жылы Ақтөбе облысының түрлі деңгейдегі әкімдік қызметкерлеріне қарсы 32 қылмыстық іс қозғалған, 2013 жылы ол 2 есеге өсіп, 67-ге жеткен.

Ал, биыл тек бірінші тоқсанда 21 іс тіркелді. Жемқорлыққа қатысты қылмыстардың 60 пайызына әкімдік қызметкерлерінің қатысы бар.

Мемелкеттік хатшы Қаржы полициясының облыстық департаменті қайда қарап отыр, дегенді айтып, оның басшысын экран алдына шақырды.

Андрей Лукин, ҚР ЭҚСЖК агенттігі төрағасының орынбасары:

Бұл мәселеге қатысты түсінік бере кетсем, ол қазір жоқ. Агенттіктің алқа отырысында Қаржы полициясының Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысын орнынан босату туралы шешім қабылдадық.

Бүгін осылайша, біраз былықтың беті ашылды. Бұрынғы тапсырмалар пысықталды, нақты тапсырмалар берілді.

Айта кету керек, ендігіде Президент жанындағы бұл комиссияның құзыреті кеңейеді. Комиссия отырысында мемлекеттік саяси қызметшілердің де істерін қарау мүмкіндіктері талқыланып жатыр.

Сондай-ақ, отырысқа азаматтық қоғам өкілдері белсене қатысатын болады.

Наталья Малярчук, «Транспаренси Казахстан»  қоғамдық қорының өкілі:

Жиын тек жаңа форматта өтіп қана қоймай, оған халықаралық ұйым өкілдері шақырылды. Жаңадан жасақталып жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия барлық органдар мен азаматтарға ортақ құжат болатындығы ресми түрде айтылды.

Нұрлан Ерімбетов, «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті:

Менің байқағаным, бұл жайбарақат әңгіме болған жоқ. Бұл шенеуніктердің әңгімесі болған жоқ. Менің байқағаным, бұл  ерлердің ашық әңгімесі болды.

Президент жанындағы жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі комисияның келесі күн тәртібі де бекітілді. Ол қыркүйекте өтеді. Онда Үдемелі индустриялды-инновациялық бағдарламаны жүзеге асырудағы және салық саласындағы заңбұзушылықтар талқыланады.

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

 

Бөлісу